ДИКТОР: Соңғы жылдары ішкі туризм Қазақстанда қарқынды дамыған. Ел тұрғындары шетелге бармай-ақ, демалысты өз жерімізде өткізуді таңдауда. Солардың бірі – қыста ерекше көрікті, туристердің назарын өзіне баураған Бурабай курорты. Мұнда заманауи тау шаңғысы кешені жұмыс істейді. Күн сайын келушілер саны артуда. Қысқы демалысқа арналған жаңа бағыттар мен шаралар, сондай-ақ Бурабайдағы тынығу орындары туралы тілші баяндайды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Бурабайдағы тау шаңғысы кешені бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген туристерді қарсы алуда. Кәсіби спортшылар үшін де, жаңадан бастағандар үшін де қолайлы бұл кешенде тегіс әрі қауіпсіз трассалар, қажетті спорттық жабдықтарды жалға алу қызметі, тәжірибелі нұсқаушылар және дамыған инфрақұрылым қарастырылған. Мұнда демалушылар отбасымен, достарымен немесе туристік топпен келіп, таза ауада белсенді және қызықты демалысты таңдай алады.

СНХ: ӘЛИЯ, ТУРИСТ: Неге Бурабайды таңдадың десеңіз, біріншіден, шаңғы тебуді жаңадан бастағандар үшін бұл керемет орын. Тау беткейлері жұмсақ. Ал екіншіден нұсқаушылар да керемет түсіндіреді. Міне бүгін екінші күн болды шаңғыға тұрғаныма. Әлдеқайда өзіме сенімдімін.

СНХ: ОЛЬГА, ТУРИСТ: Біз тек шаңғы тебуге болатын орынды іздедік. Біз алғаш рет келіп отырғандықтан мен бұл жерді жаңадан бастаушылар үшін ең керемет орындардың бірі дер едім.

РКС: Ішкі туризмге деген сұраныстың өсуі Бурабайдағы тау шаңғысы кешеніне келушілердің санын арттыруда. Көптеген туристер алғаш рет шаңғы немесе сноубордқа тұрып, қысқы спорт түрлерін өз еліміздің курорттарында үйренуді жөн көреді. Осындай белсенділік ішкі туризмнің дамуына жаңа серпін беруде.

СНХ: ДЕНИС ЛЕШИН, НҰСҚАУШЫ: Біздің қонақүйдегі шағын беткейге әсіресе шаңғыға бірінші рет тұрып көріп жатқан жаңадан бастаушылар келеді. Мұнда олар қорықпай, сенімді түрде шаңғы немесе сноубордқа тұра алады. Бұл шағын беткей оларды кейін Алматыдағы немесе шетелдегі үлкен тауларға шыңдайды. Балаларды да көп үйретеміз. Мұнда демалыс әлдеқайда тыныш, жайлы.

СНХ: ВИКТОРИЯ ШТРЕКЕР, КЕШЕН ҚЫЗМЕТКЕРІ: Біздің кешен алғашқы қар түсе салысымен ашылады да көктемнің соңғы күндеріне дейін маусым ашық болады. Жыл сайын қонақтар өте көп келеді. Мысалы, 1 қаңтарда біз 200-ден астам адамды қарсы алдық.

РКС: Бұл тау шаңғысы кешені еліміздің ішкі туризмін дамытуға да айтарлықтай үлес қосуда. Заманауи инфрақұрылым, керемет табиғи көріністер және туристердің артып келе жатқаны бұл курортты Қазақстандағы қысқы демалыстың ең тартымды нүктелерінің біріне айналдырған.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ