ДИКТОР: Көкшетауда «Үздік тас қалаушы» анықталады. Қалалық құрылыс-технологиялық колледжінде «Кірпіш қалау» құзыреттілігі бойынша салалық кәсіби шеберлік байқауы басталды. Байқауға еліміздің әр өңірінен жиналған білікті мамандар қатысып жатыр. Олардың қатарында кәсіптік білім беру жүйесінің тәжірибелі педагогтары мен құрылыс саласында еңбек етіп жүрген үздік мамандар да бар.

РКС: Байқауда Ақмола, Қарағанды және Павлодар облысынан келген колледж оқытушылары өз аймақтарының намысын қорғауда. Ал елордадан құрылыс компаниясының қызметкері қатысты. Осылайша, ұйымдастырушылар бұл шара арқылы педагогтердің кәсіби біліктілігін арттырып, салааралық өзара байланысты нығайтуды мақсат етіп отыр. Конкурстық тапсырмаларды орындау үшін қатысушыларға 12 сағат уақыт берілген.

СНХ: ВИТАЛИЙ КАЙЛЬ, ПАВЛОДАР МОНТАЖ КОЛЛЕДЖІНІҢ ӨНДІРІСТІК ОҚЫТУ ШЕБЕРІ: Менің кірпіш қалау бойынша алғаш рет қатысып отырған сайысым. Павлодар облысында кірпіш қалау мамандығы ашылды. Біз студенттерді дайындап, мамандықты дамытуды жоспарлап отырмыз. Студенттерім халықаралық, облыстық және республикалық сайыстарға қатысып, медаль алғандар бар. Мұнда біз осы мамандық бойынша біліктілігімізді арттыру үшін келдік. Біз осы өңірге келгенімізге қуаныштымыз.

РКС: Байқауға қатысу, еліміздегі бірқатар колледж үшін құрылыс саласына қажетті білікті мамандар даярлау деңгейін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді,-дейді мамандар. Себебі Кокшетауда ұйымдастырылып отырған дода кәсіби шеберліктің WorldSkills чемпионаттарының халықаралық талаптарына толық сәйкес өтуде. Қазір қатысушылар кірпіш қалау дағдыларын жетілдіріп жатыр. Ал сарапшы-компатриоттар олардың әр жұмысын мұқият қадағалап, әділ төрелік жасауда.

СНХ: РЫМБЕК АЛТАЙБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ КӘСІБИ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ АРНАЙЫ ПӘНДЕР ОҚЫТУШЫСЫ: Бұл байқауда негізгі бағалау «WorldSkills» стандарттары бойынша критерийлермен бағаланады. Әділ баға берілетін ойлаймын бәріне. Негізгі мақсаты осы мамандардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, сонымен қатар «WorldSkills» стандарттарын оқу процессіне еңгізу. Негізі, тас қалауда оның шовтарына, өлшемдеріне, содан кейін оның тегістігіне, түзелігіне қаралып бағаланып, әділ баға беріледі деп ойлаймын.

РКС: Колледж басшысы студенттер үшін бұл байқау кәсіби бағдар беру мүмкіндігін арттырады дейді. Мұндай шаралар жастарды еңбекке баулиды. Сондай- ақ, жұмысшы мамандыққа деген терең құрмет пен шынайы сыйластық сезімін қалыптастырады.

СНХ: МҰХТАР ЕСЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Біз құрылыс компаниясының атынан келіп отырмыз. Құрылысшы, оның ішінде кірпіш қалаушыларының мамандығын дәріптеудегі миссиясы көрініп тұр. Қоғамда құрылысшылар құрметке лайық болуы тиіс. Өйткені, дәл сол жандардың еңбегі арқылы отбасының негізгі құндылығы құрылады. Әлеуметтік серіктестер ретінде материалдармен көмектесеміз. Байқауды бағалауға қатысамыз. Бүгінгі студенттер арасынан күні ертең қоғамның лайықты ерлері, отағасы өсіп шықса екен дейміз.

РКС: Байқауға қатысушылар жұмыстарын ертең аяқтайды. Жарыс соңында қатысушылар арасынан үздіктер анықталады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және грамоталармен марапатталады.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.