ДИКТОР: Демалыс күндері шаһарда бокстан ашық турнир өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген балғын былғары қолғап шеберлері қатысты. Жарыс алдағы Қазақстан чемпионатына іріктеу кезеңі болып, жасөспірімдер арасынан кіл мықтыларды анықтауға мүмкіндік берді.

РКС: Додаға еліміздің 12 өңірінен келген 80-ге жуық спортшы қатысты. Дәстүрлі турнир жыл сайын үздік боксшылардың басын қосып келеді. Биылғы жарыс Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерлан Ғазизовтың құрметіне арналды. Ол бірнеше буын чемпионды тәрбиелеп, ірі додаға қосқан білікті бапкер. Бұл жолғы сайыс спорттық шеберлікті шыңдап қана қоймай, жас спортшыларға мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бергені сөзсіз.

СНХ: АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл турнир жыл сайын өткізіліп келеді. Оны ұйымдастыруға біздің басқарма мен Ерлан Ғазизовтың шәкірттері ниет білдірді. Жарыс өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Ақмола облысында мұндай ауқымды турнирлер көп емес. Сондықтан бұл дода спортшыларымыздың шеберлігін арттырып, алдағы негізгі жарыстарға дайындалуына мүмкіндік береді.

РКС: Турнир үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Биыл шаршы алаңға спорт шеберіне үміткерлер мен спорт шеберлері, сондай-ақ 2009–2010 жылдары туған жас боксшылар шықты.

СНХ: МӨЛДІР БАЗАРБАЕВА, БОКСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ: Қазір Қазақстан чемпионатына Ақмола облысының жаңа құрамын жасақтау мақсатында іріктеу кезеңі жүріп жатыр. Аға жаттықтырушы Мағзұм Азаматұлы мықты спортшыларды анықтап, оларды облыс құрамасына енгізуді мақсат етіп, арнайы келді. Қостанай мен Астана қалаларынан да спортшылар қатысып жатыр. Алдағы уақытта турнирдің ауқымын кеңейтіп, оны жыл сайынғы дәстүрлі жарысқа айналдырмақпыз. Жақында жерлесіміз Оразбек Асылқұлов әлем чемпионы атанды. Ол да Ерлан Кенжетайұлының шәкірті. Біз ұстазымыздың барлық шәкірті бірігіп, осы турнирді ұйымдастырдық.

РКС: Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен, кубоктармен және грамоталармен марапатталды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта турнир ауқымын кеңейтпек ниетте. Осылайша Қазақстанның болашақ чемпиондарын тәрбиелеуге жол ашылатынын айтады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ