ДИКТОР: Биыл қазақтың ұлы ақыны, жыраулық пен айтыс өнерінің көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл. Айтулы датаға орай еліміздің түкпір-түкпірінде тағылымды шаралар ұйымдастырылып, жыр алыбының өнегелі өмірі мен бай мұрасы кеңінен насихатталуда. Осы орайда Көкшетау қаласында «Ауыл партиясы» Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен рухани мазмұнды кеш өтті.
РКС: Кездесудің алғашқы бөлімінде алдағы Референдум мәселесі кеңінен талқыланып, оның ел дамуы мен қоғамдық тұрақтылық үшін маңызы жан-жақты түсіндірілді. Жиында ортақ мақсат жолында бірігу, ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтау, қоғамдық келісімді нығайту әрбір қазақстандықтың парызы екені айтылды. Кештің негізгі арқауы – жиырмасыншы ғасырдың Гомері, ұлт руханиятының темірқазығына айналған Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы болды. Ақынның халықтық поэзиядағы орны, ел бірлігі мен отансүйгіштік рухты жырлаған мұрасы туралы мазмұнды ойлар айтылды.
СНХ: СНХ: ЖАДЫРА ӘУБӘКІРОВА, М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Жамбылдың Ленинградтық өрендерім Ұлы Отан соғысы жылдарында барлық тек қана қазақ солдаттарын емес, барлық кеңес әскеріне үлкен сондай демеу берген жыр. Ол «Ленинградтық өрендерім» арқылы өзінің халқын, қазақ солдаттарын, Кеңес әскерін қолдауға бағытталған рухты жыр. Өлеңнен басқа саяси тұлға ретінде өзін де көрсете білді.
РКС: Ғасырлар үндестігін жалғаған Жамбыл шығармашылығы – халықтың мұраты мен мұңын, елдік пен ерлікті, бірлік пен бауырмалдықты жырлаған асыл қазына. Оның отты жырлары ұлт рухын көтеріп, қиын-қыстау кезеңдерде жұртқа жігер бергені тарихтан белгілі. Ақынның айтыс өнеріндегі шеберлігі, жыраулық дәстүрді жаңғыртып, биікке көтеруі – қазақ әдебиетінің алтын қорына енген құндылық.
СНХ: РАМАЗАН БАУЫРЖАН, М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Жамбылдың мұрасы арқылы қоғамның тынысын, қоғамның келбетін ұғамыз, түсінеміз. Жамбылдың заманы қиын-қыстау замандардың бірі болды. Жамбыл бір ғасырға жуық жасаса, жамбылдың жыры ғасырлар бойы жасай береді, Жамбылдың мұрасы әрқашан да қазақтың санасында, қазақтың ойында болады.
РКС: Кездесуге қатысушылар ақын мұрасының тарихи маңызы мен бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі орнын ерекше атап өтіп, өміршеңдігіне тоқталды. Колледж студенттері сөз дүлдүлінің өлеңдерін мәнерлеп оқып, ұлттық өнер үлгілері домбыраның сүйемелдеуімен ұсынылды. Жамбыл жыры – халық жыры. Оның асқақ үні уақыт өткен сайын жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.
СНХ: АҚТІЛЕК ПЕРМАХАН, Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Өзім филология бөлімінде оқығандықтан осы Жамбыл атамыздың біраз шығармаларын, біраз, көптеген поэзия, өлеңдерін оқып келе жатырмыз. Кішкентайымнан сүйіп оқимын. Өлеңдері қуғын-сүргін, ұлт-азаттық көтерілістер кезінде жастарды рухтандырған деп те айтуға болады. Жамбыл атамыз жиырмасыншы ғасырдың Гомері, осы, сол Жамбыл атамызға қарап бой түзейміз, ой түзейміз, осындай керемет өлеңдерін қалдырып кеткеніне біз ұрпақтары болып өте ризамыз.
РКС: Өскелең ұрпақ шара соңында Жамбыл шығармашылығына арналған «Жамбыл Жабаев – ғасыр жыршысы» атты кітап көрмесін тамашалады. Көрсетілім бұрышына ақынның өмірі мен әдеби мұрасын арқау еткен жинақтар, зерттеу еңбектері мен естелік басылымдар қойылды. Қағаз беттерінде бейнеленген нақыл сөздері мен тағылымды ойлары көрермен қауымға ерекше әсер сыйлап, жастардың рухани танымын тереңдете түсті. Тағылымға толы көрме – Жамбыл мұрасының мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте айқындаған мазмұнды бөлім болды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ