ДИКТОР: Қазақстанда Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен бұйрығы бойынша жасөспірімдердің суицид алды мінез-құлқын алдын ала анықтау жүйесі құрылды. Құжат алғашқы дабыл белгілерінен бастап мамандардың уақытылы араласуына дейінгі аралықта көмек көрсетуінің алгоритмін нақты айқындайды. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Ата-аналар мен балалар көмекке қайда жүгіне алады? Тілші айтсын.

РКС: Оқудағы қиындықтар, өзімен шамаластармен текетірестер, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік, күнделікті күйзеліс жасөспірімдердің психологиялық жағдайына кері әсерін тигізуі мүмкін. Осы тұста баланы өз-өзімен қалдырмау маңызды. Көкшетауда осындай жасөспірімдерге жеке-дара көмек көрсететін психологиялық қолдау орталығы жұмыс жасауда.

СНХ: ИНАРА ЕРМҰХАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Білім беру ұйымының, оның ішінде біздің орталықтың басты мақсаты баланың деструктивті мінез-құлық көрсетуіне қатысты тәуекелді көріп, уақытылы дәрігерге, дәрігер-психиатр немесе медициналық мекеменің психологына, дәрігер-психиатрына бағыттау. Алгоритм жазылған, нормативтік-құқықтық акт бар. Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің біріккен 170 бұйрығына сәйкес деструктивті, өзіне зиян келтіретін мінез-құлықтың алғаш белгілері пайда болғанда жедел жасыл дәліз қамтамасыз етіледі.

РКС: Былтыр орталықта 400-ден астам кәмелеттік жасқа толмағандарға көмек көрсетілді. Қазір 51 бала кеңес алуда. Орталыққа жасөспірім өз еркімен, ата-анасымен немесе мектеп мамандарының жолдауымен келе алады.

СНХ: ИНАРА ЕРМҰХАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бізге келгендердің сұранысына қарай олардың әрқайсысымен жеке-дара жұмыс жүргізіледі. Кейбіреулері қашықтықтан бақыланады. Аптасына үш рет, немесе аптасына бір рет, немесе екі аптада бір кездесеміз. Кей балалардың оқитын мектебіне тікелей барып бақылаймыз.

РКС: Былтыр облыстық психикалық денсаулық орталығына 22 жасөспірім жіберілді. Соңғы уақытта балалар өзінің психологиялық көңіл-күйіне бей-жай қарамайтынын көріп отырмыз,-дейді мамандар. Егер сіздің балаңыз осындай қиындықтарға тап болған жағдайда экрандағы сенім телефонына хабарласа аласыздар.

ПЛАШКА: 8 708 044 53 23

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРТ