ДИКТОР: 1 наурыз - Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні. Атаулы күн Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымы қарарына сәйкес белгіленген. Қазақстан бұл ұйымға 1997 жылы мүше болып қабылданып, азаматтық қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қадам жасады. Ұйымның негізгі мақсаты - табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, олардың салдарын азайту және жою бағытында түрлі елдің күш-жігерін үйлестіру. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кәсіби мамандар даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны - Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы.
РКС: Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы - Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы азаматтық қорғаныс саласына мамандар даярлайтын бірегей жоғары оқу орны. Академия төрт бағыт бойынша маман даярлайды. Мұнда курсанттар теориялық біліммен қатар, төтенше жағдайларда әрекет ету, құтқару, техникалық және практикалық дағдыларды меңгереді.
СНХ: ЕСЕНЕЙ ЕРСАЙЫН, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясында азаматтық қорғау бағытына аса назар аударамыз. Бұл бағытта көптеген іс-шаралар және одан бөлек, азаматтық қорғаныс бағытындағы жас офицерлерді дайындау негізгі біздің міндетіміз.
РКС: Бүгінде академияда 1 мыңнан астам курсант білім алады. Көптеген курсанттар үшін бұл саналы таңдау ғана емес, азаматтық борыш.
СНХ: САПАР НЫҒМЕТ, МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Қазіргі уақытта азаматтық қорғау академиясында азаматтық қорғаныс командалық тактикалық күштер бағыты бойынша білім аламын. Мен бұл мамандықты таңдаған себебім, құтқару міндеті - әлемдегі ең керек бағыттардың бірі. Айтады ғой құтқару мейірбан жандардың мәртебесі деп. Адамдарды құтқару, олардың өмірін сақтап қалу ол – біздің борышымыз. Осы академияда оқитыныма мақтанам.
РКС: Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет етіп жүрген мамандардың 95 пайызы - осы Академияның түлектері. 1979 жылдан бері 10 мыңнан астам кәсіби маман дайындаған бұл оқу орны ел қауіпсіздігіне зор үлес қосып келеді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ