ДИКТОР: Биыл еліміз бойынша жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға айырықша мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы заманауи технологияларды енгізу, цифрлық трансформацияны жеделдету мен инновациялық ойлауды қалыптастыруды басты басымдықтардың бірі ретінде айқындап берді. Бұл үрдістен кітапханашылар қауымы да қалыс қалған жоқ. Салтанат Сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапхананың ұйымдастыруымен «Кітап оқу мәдениеті, жасанды интеллект және цифрландыру» атты мазмұнды жиын өтті. Тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.

РКС: Кітап оқитын ұлт қалыптастыру – елдің зияткерлік әлеуетін арттырудың негізгі тетігі. Жиын барысында кітап оқу мәдениетін дамыту және оны оқуға қызығатын ұлт қалыптастырудың маңыздылығы кеңінен талқыланды. Бұл бағытта жүйелі жұмыстың қажеттігі атап өтілді. Бекітілген 100 кітап тізімі бойынша мазмұнды талқылаулар жүргізілді. Бүлдіршіндердің таным көкжиегін кеңейтіп, тіл байлығын арттыруда көркем әдебиеттің ролі зор екені нақты мысалдармен көрсетілді.

СНХ: АСЫЛЖАН БЕЙСЕКЕЕВА, «ЕРКЕМ-АЙ» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ: «Еркем-ай» балабақшасындағы бардық ұжымымыз мынау кішкентай бүлдіршіндерге тілдерін дамытып, кітап оқуға құштарлығын оятып, бар мүмкіндіктерімізді жасап жатырмыз. Балалар әлі кішкентай, оқи алмайды. Біз ең бастысы балаларға оны оқып, сахналау ретінде, театрландыру ретінде балалардың кәтапқа деген қызығушылықтарын арттырамыз. Балалық шақтан болашақта кітап оқу мәдениетін қалыптастыру керек, бұл өте өзекті мәселе. Өте білімді бәсекеге сай ұлт боламыз.

РКС: Шаhардағы білім беру орындарының кітапханаларында электронды каталогтар мен сандық платформалар жұмыс істейді. Оқу залындағы заманауи құрал-жабдықтар ақпаратты өңдеп, пайдаланушыға тиімді түрде ұсынуға бағытталған. Жабдықтар сирек қорларды сақтауға мүмкіндік беріп, цифрландыру үдерісін сапалы жүргізуге жағдай жасайды. Мұның бәрі оқырманға қолжетімділікті арттырып, кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруде.

СНХ: МЕЙМАМГҮЛ САЯХАТ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ІТ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ КІТАПХАНА МЕҢГЕРУШІСІ: Бұрын бізде жаңағы дәстүрлі түде болса, қолмен жазу арқылы, формулярлар болды, кітапшалар болған. Ал бұл жерде барлық жұмысы цифрландырылған. Барлық есеп бөлімі, кітаптың штрих коды, барлығы осы алақан бағдарламасына енгізілген. «Алматы» кітап баспасының «TopIQ kz» платформасы. Бұл жерде барлық сыныптардың «Алматы» кітап баспасына шығарылған сыныптар бойынша оқулықтары бар. Топ iq платформасын біздің ұстаздарымыз қолданады, жиі қолданады. Өйткені «TopIQ» платформасы өте ыңғайлы. Мұғалімлерге де, оқушыларға да. Ол жерде түрлі тапсырмалар берілген.

РКС: Заманауи технологиялар мен рухани құндылықтарды ұштастырған басқосу кітапхана ісін жаңа деңгейге көтерудің өзекті мәселелерін қамтыды. Кітапхана мен жасанды интеллект үндестігі – руханият пен инновацияның үйлесімі. Ал бұл бастама – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

СНХ: БАҚЫТЖАН АЙДОСОВА, САЛТАНАТ САРАЙЫ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ҮЛГІЛІ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы кітап оқу деді ғой, үлкен бір салиқалы, мазмұнды шара өтті. Цифрландыру заманында кітапхана да өз деңгейінде сол бағытта жұмыс істеуге талпынады кітапханашылар ұжымы. Жас буынға, өскелең ұрпаққа, жастарға жақсы тәлім-тәрбие беріп, олардың оқуға деген қызығушылықтарын арттыруға үлкен үлес қосу бағытында еңбек етіп жатырмыз, сондықтан кітапханашылар қауымының да еңбегі жемісіті болсын. Қоғам талабына сай еңбек етуге тырысамыз.

РКС: Жиын соңында спикерлерге ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар табыс етілді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ