ДИКТОР: 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Бүгінде елімізде 130-дан астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Барлығы бір шаңырақ астында түрлі мәдениеттің үндестігімен байытылған қоғам құруда. Сондықтан бұл күн – Қазақстан халқының бірлігі мен татулығын айқындайтын тарихи күннің бірі.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы наурыздың 1-і құрылған. Бұл күн жыл сайын еліміздегі барлық этностың бір-біріне және оларды бауырына басқан қазақ халқына деген шынайы алғысын білдіретін ерекше мерекеге айналды. Бұл – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың өзара құрметі мен достығын, татулығы мен махаббатын дәріптейтін күн.

СНХ: ҚУАНЫШ ШАҚШАҚОВ, «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Негізі бұл үлкен мереке. Бастапқы кезде бұл этностардың қазақ халқына деген алғысын жеткізу болса, ал қазір қоғам батырларын, оның ішінде бүгінгі күннің батырлары: дәрігерлер, мұғалімдер, құтқарушылар сынды осындай барлығына құрмет көрсетіп, алғыс айту күні. Қазір әр салада батырларымыз көп қой. Солардың еңбегін дәріптеу, келешек ұрпаққа еңбегін жеткізу. Қазір елімізде Конституциялық Реформа болып жатыр. Оған Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы да қатысуда. Этнос өкілдерінің бірлестіктері, ұйымдардың төрағалары, төрайымдары жиындар өткізіп жатыр. Қазір қоғам өкілдерімен де, студенттермен де бәрімен тығыз байланыста жұмыс жасап жатырмыз.

РКС: Этнос өкілдері бір-бірінің ұлттық мерекелеріне құрметпен қарайды. Олар әр мерекені бір ұлттың емес, барша халықтың ортақ қуанышындай қабылдап, бірге атап өтеді. Мәселен, жуырда ғана көпшілік бірлесе отырып орыс халқының масленица мерекесін, сондай-ақ қытай және кәріс жаңа жылын тойлады. Мұндай игі шаралардың барлығы Ассамблея аясында ұйымдастырылып, түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына топтастырып келеді. Мұның бәрі Ассамблея жұмысының нәтижесі,-дейді этнос өкілдері.

СНХ: ЖАННА СИН, ОБЛЫСТЫҚ «ЧИНСОН» КОРЕЙ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Біз Достық үйінде еңбек етіп қана қоймай, осында өмір сүреміз десем де болады. Көптеген этномәдени орталықтар сияқты біз де қаладағы және облыс көлемінде өтетін барлық іс-шараға белсене қатысамыз. Мұның бәрін үлкен ықыласпен, шынайы ниетпен атқарамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының трансформациясы біз үшін мүлде жаңа мән мен мазмұнға ие болып отырғанын жақсы түсінеміз. Себебі бұрын негізінен көркемөнерпаздықпен айналысып, концерттерге, түрлі шаралар мен жиындарға қатысумен шектелсек, енді Халық кеңесі аясында бізге заңнамалық бастама көтеру мүмкіндігі беріліп отыр. Яғни, этномәдени орталықтар сияқты қоғамдық бірлестіктердің мәні мен ролі өзгеруде. Біз бұл өзгерісті мақтанышпен әрі үлкен қуанышпен қабылдаймыз.

РКС: Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы алаңында Алғыс айту күніне орай бірқатар мазмұнды шара ұйымдастырылуда. Бұл бастамалар қоғамдағы өзара сыйластық пен ризашылық мәдениетін нығайтып, ел бірлігін одан әрі бекемдей түсуде. Енді көпшілік бір демде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлауға дайындық үстінде.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СООЛВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ