ДИКТОР: Зеренді ауданы көктемгі су тасқынына тыңғылықты дайындалуда. Әсіресе су басу қаупі бар елдімекендер ерекше бақылауға алынған. Қауіптің алдын алу мақсатында коммуналдық қызметтер ауыл көшелеріндегі қарды дер кезінде сыртқа шығарып, арық жүйелерін тазалауда.

РКС: Ауданда су басу қаупі бар бес елді мекен анықталды. Олар - Айдабол, Алексеевка, Ивановка, Троицкое және Шағалалы ауылдары. Аталған аумақтарда көктемгі тасқынға қарсы дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Тұрғындар мен елдімекен инфрақұрылымын еріген қар суының тасқынынан қорғау жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің басты міндеті.

СНХ: СЕРІК ИСАХАНОВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Шағалалы өзенінің ұзындығы 3 шақырым 600 метр. Онда тереңдету және арнаны тазарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар өзен жағалауы абаттандырылып, қорғаныс шаралары күшейтілді. Су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған негізгі жұмыстардың басым бөлігін былтыр аяқтағанбыз.

РКС: Бүгінде ұзындығы 1300 метрден асатын қорғаныс бөгеті тұрғызылды. Ені 5 метр, биіктігі 3 метр болатын бұл гидротехникалық нысан еріген қар суының елді мекенге жетуіне тосқауыл болады. Сондай-ақ, инженерлік шаралармен қатар, былтыр жыл соңында 75 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде су басу қаупі бар аумақтардан көшірілген ауыл тұрғындары қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етілді.

СНХ: СЕРІК ИСАХАНОВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өзен жағалауындағы учаскелерге қосымша 100 мың текше метр инертті материал төселді. Екі сорғы станциясы мен үш сорғысы бар дренаждық жүйе орнатылды. Оның біреуі резервтік сорғы. Сондай-ақ жаңбыр суын ағызатын кәріз де құрылды. Сондай-ақ, былтыр 12 тұрғын қауіп аймағынан жаңа үйге көшірілді. Ал бес үйдің иесі ресми түрде көшуге қарсылық танытты. Себебі олардың үйлеріне тасқын су жетпеген.

РКС: «Көкшетау – Атбасар» тас жолынан Жанайдар Мусин көшесіндегі көпірге дейінгі учаскеде арық және дренаж жүйелері толық тазартылды. Ұзындығы 3 шақырымнан асады. Аталған инженерлік жұмыстарды жүзеге асыруға аудан әкімдігінің резервінен шамамен 19 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, штаттық режимде тұрақты жұмыс істеп тұрған гидротехникалық нысандар да бар. Оларға Айдабол, Алексеевка, Ивановка және Подлесное бөгеттері жатады.

СНХ: СЕРІК ИСАХАНОВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сондай-ақ, су өткізгіш нысандарын салу және жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Шағалалы, Приречное, Игілік және Жамантұз ауылдарында төрт понтон көпірі орнатылды. Бұл көпірлерді салу мен орнатуға жалпы 54 миллион теңге жұмсалды. Былтыр су тасқынына байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі Зеренді ауданы үшін осы көпірлерді арнайы бөлген болатын. Көпірлер Зеренді ауылының аумағына жеткізіліп, жыл соңына дейін қажетті елді мекендерде орнатылды.

РКС: Жедел әрекет ету үшін ауданға 10 ассенизатор машинасы, 11 заманауи мотопомпа, электр генераторлары және жүзу құралдары жұмылдырылды. Сонымен қатар мектептердің базасында эвакуациялық 22 пункт ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мұз кептелістерінің алдын алуға да ерекше назар аударылып отыр. Наурыздың 5-нен 10-на дейін жергілікті билік өкілдері ауданның су қоймаларында 3600 шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстарын жүргізбек.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ