ДИКТОР: Ақсу алтын кен орны - Солтүстік Қазақстандағы ең көне өндірістік орынның бірі. Бір ғасырға жуық тарихы бар бұл кеніш әлі күнге дейін игерілуде. Өндіріс көлемі ұлғайып, жаңа технологиялар енгізіліп, инвестициялар тартылуда. Мұның барлығы Ақмола облысының еліміздегі алтын өндіруші өңірлер арасында көшбасшы болып қалуына мүмкіндік беріп отыр.
РКС: Ақсуда жыл сайын шамамен 5 миллион тонна алтын құрамды кен өндіріледі. Мұндай көрсеткіштерге кәсіпорын заманауи технологияларды игеріп, қорларды игерудің жаңа тәсілдерін енгізу арқылы қол жеткізді. Мәселен, 2020 жылы Котенко кен орнында ашық әдіспен кен өндіру басталды.
СНХ: ҚУАНЫШ ҚҰРМАШ, «АҚСУ» ТАУ-КЕН БАЙЫТУ КЕШЕНІНІҢ БАС КЕНШІСІ: Барлық процесс дәл осы кен орнында жоспарлаудан басталады. Кен түрлерін қопсыту жарылыс жұмыстары арқылы жүзеге асады. Алдымен бұрғылау жүргізіледі, содан кейін осы массивті жарылыс арқылы қопсытады. Тек содан кейін ғана экскавация жасалады. Саудаға арналған кенді біз рудалық қоймаларға жинаймыз. Ал бос кенді тиісті түрде қалдық қоймаларға тасимыз. Біздің кен грейдтерге бөлінеді. Орташа кен және бай кен, әрбірі грамм мөлшеріне қарай тоннасына есептеледі.
РКС: Кен орнындағы барлық техниканы автоматтандырылған жүйе басқарады. Wenco бағдарламасы көліктің қозғалысын нақты уақыт режимінде визуалды түрде көрсетеді. Экранда тіпті отынның мөлшері мен самосвалдың қандай материалмен толтырылғаны сияқты мәліметтер де көрінеді. Мұндай технология тәуекелдер мен шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Мамандар цифрландырусыз жұмыс істеу мүмкін емес екенін алға тартады. Бүгінде «Ақсу-2» алтын өндіру фабрикасының жұмысы 90 процент автоматтандырылған.
СНХ: ЕРАСЫЛ БАЗАР, «АҚСУ-2» АЛТЫН ӨНДІРУ ФАБРИКАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бүкіл өзімізде жүретін процестердің барлығы осы басқару пульті арқылы іске асатын болады. Бір тоннадан 0,8 грамм алтын алып отырамыз. Біздің фабрикамыз 2025 жылдың жаз айында іске қосылды. Сол уақыттан бергі қазірге дейін тоқтамастан жұмыс атқарып келеді. Негізгі өнімділігі 5 миллионды құрап тұр. Осы жылы бізде бірнеше өзгертулер енгізілді. Яғни біздің қатарымызға қазіргі ірі компаниялардың бірі Sandvik компаниясынан жаңа өзіміздіңіздің ұсатқышымызды сатып алу және өзімізден шығатын критикалық классты қайтадан ұсатып, өзімізге процеске циркуляциялы арқылы қайтару. Яғни қалдықсыз фабрика жобасына шығу.
РКС: «Ақсу» тау-кен-байыту комбинатының құрамына шахта да кіреді. Онда алтын жабық әдіспен өндіріледі де, кейін өңдеу үшін Ақсу алтын өндіру фабрикасына жеткізіледі. Фабриканы әлі күнге «ескі» дейді. 1954 жылы қабырғасы қаланды демесеңіз, ішкі жабдықтардың бәрі заманауи стандарттарға сай толық жарақтандырылған. Автоматтандыруды енгізу арқылы бірнеше операцияны орындау уақыты айтарлықтай үнемделді. Фабрикада, кен орнында және шахталарда Степногорск қаласы мен көрші елді мекен тұрғындарының бірнеше буыны еңбек етуде. Ұжымның шамамен 70 проценті жергілікті тұрғын. Фабриканың өнімділігін ескерсек, 2031 жылға дейін кен қоры жеткілікті. Сондықтан «Ақсу» кен орны дамып, аймақпен тығыз байланыс орнатып, әлеуметтік жауапкершілікті де назардан тыс қалдырмайды.
СНХ: ДАРХАН АМАНҒАЛИЕВ, «АҚСУ» ТАУ-КЕН-БАЙЫТУ КОМБИНАТЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ: «Алтыналмас» Степногорск аумағындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі болғандықтан, әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан біздің өңірде орташа жалақы статистика бойынша шамамен 400 мың теңге. Әрине, «Алтыналмас» басшылығы жыл сайын еліміздегі инфляцияға сәйкес жалақыны индексациялап отырады. Қазір Степногорск қаласында салынып жатқан спорт кешені – бұл толықтай «Алтыналмас» бастамасымен қолға алынған жоба. Сонымен қатар біз Заводское және Ақсу ауылдары сияқты жақын маңдағы елді мекендерге де көмектесеміз. Сондай-ақ, Степногорскіде мың орындық мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар да қыс аяқталысымен басталады деп ойлаймын.
РКС: Былтыр «Алтыналмас» компаниясы мен бірнеше аймақтың әкімдігі 28 миллиард теңгеден астам сомаға ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келесі үш жыл ішінде әлеуметтік жобаларды Ақмола, Қарағанды, Жамбыл және Павлодар облыстарында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осылайша, адамдарға, технологияға және цифрландыруға бағытталған инвестициялар «Ақсу» кен орнын өндіріс пен инновация орталығына айналдырады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ