ДИКТОР: Көкшетаудағы М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясында «Master’s Startup» байқауы ұйымдастырылды. Оған қала мектептерінің магистр дәрежесіндегі ұстаздары қатысты. Зияткерлік дода педагогтердің ғылыми-зерттеу, инновациялық және кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталды. Бұл білім бәсекесі алғаш рет өткізіліп отыр.
РКС: Жаңа форматтағы бұл білім бәсекесі тәжірибелі ұстаздардың авторлық жобаларын таныстыруға, заманауи білім беру үрдісіне тың идеялар енгізуге және озық тәжірибелерді таратуға беріліп отырған зор мүмкіндік. Қатысушылар өз жұмыстарын жеке және командалық құрамда қорғады. Байқауға 6 сала бойынша 40-қа жуық өтінім қабылданып, оның 18-і іріктеу кезеңінен өткен. Олар қазылар алқасына таныстырылды.
СНХ: АРДАҚ АХМЕТЖАНОВА, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Шығармашыл, ғылымға жақын мұғалімдер көп болсын, осы ниетпен осындай бастаманы қолға алып жатырмыз. Көбінесе IT, жасанды интеллект саласы бойынша, профорентация бойынша, әлеуметтік сала бойынша және де білім беру саласы бойынша жобалар әзірленді. Эксперт бойынша біз Шоқан Уәлиханов атындағы университетінің бизнес инкубаторы бөлімінің эксперттерін шақырдық.
РКС: Ғылыми жұмыстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылды. Әр қатысушы жобасын 7 минут ішінде қорғап шығуы тиіс. Осы уақыт аралығында ұстаздар өз идеяларының өзектілігін, практикалық маңызын және жүзеге асыру жолдарын нақты әрі мазмұнды түрде таныстырды. 9-11 сынып оқушыларын негізгі пәндер бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуге сапалы дайындау және мектеп жасындағы балалармен жүйелі жұмыс жүргізуге арналған бастамалар көпшілік назарын аударды. Сонымен қатар әлеуметтік бейімдеуге бағытталған жобалар да ұсынылды.
СНХ: ЖАНАР ЖҮСІПБЕКОВА, №14 ОРТА МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Өзімнің 3 мұғаліміммен бірге келіп, 3 жобамен қатысып отырмыз. Бұл енді бірінші жобамыз – «Шеберлер қаласы». Жазғы демалыс орнын ұйымдастырдық біз. Яғни бұл кәсіптік бағдарға байланысты. Екінші жобамыз – «Қамқор бізбен бірге». Бұл қамқорлық жобасын жасаймыз. Біз әр бағытта жұмыс жасаймыз. Сол жобамен келіп отырмыз. Сонымен қатар, тарих пәнінің мұғалімі IQ дода және ұлттық бірыңғай тестілеуге көмек ретінде жылда сайыс өткізеді. Келгенімізге өте қуаныштымыз. Бұл да енді бір жаңалықтың бастамасы деп ойлаймын.
СНХ: ЖЕҢІСБЕК ӘБУЖҮСІПОВ, №14 ОРТА МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Осы стартап шеберіне мен өзімнің жобамды алып келіп отырмын. Iq дода зияткерлік сайысы. Менің жобам жеті кезеңнен тұрады. 7 кезең Қазақстан тарихы, Қазақстан мәдениеті, рухани жаңғыру, рухани мәдениет. Бұл сосын қазақтың өнері, киносы сосын музыкасы және жаңағы жырынан әртүрлі үзінділер қоямыз. Сол қойылған сұрақтардың барлығын ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңағы жақындатамын, барлығы ент-ға бағытталады, кез келген. Сол арқылы баланы кино көруге, Отанға деген патриоттық сезімдерін оятуға, және өзінің кәдімгі толыққанды Қазақстанның мәдениетті азаматы ретінде өзін қалыптастыруға әсер етеді.
РКС: Мұғалімдерге жасанды интеллектке негізделген «Mektep AI» ақылды жүйе жобасы ең үздік деп танылды. Жоба авторлары – Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының магистрлары. Сондай-ақ, шаһардағы №6, 8, 14 және 16 мектептерден келген ұстаздардың жұмыстары да жоғары деңгейде бағаланды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ