ДИКТОР: Өңірде ақпаннның 1-і мен наурыздың 15-і аралығында су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы өткізілуде. Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар қызметі «Қарлы десант» акциясын ұйымдастырды. Демалыс күндері өткен сенбілікке департамент қызметкерлері, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттары, волонтерлер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Айтулы қайырымдылық шарасына 100-ден астам адам жұмылдырылды.
РКС: Жекеменшік тұрғын үй секторында тұратын жалғызбасты қариялар мен мүгедек балалары бар отбасыларға көмек көрсетілді. Ауланы қардан тазартуға арнайы техника жұмылдырылды. Осылайша үйлердің маңы ретке келтірілді. Сондай-ақ көктемде қар еріген сәтте су басудан қорғау үшін арықтар тазаланып, қаптарға инертті материал толтыру жұмыстары жүргізілді. Қыс басталғалы облыс бойынша 980 мың текше метр қар шығарылды. 226 мың қаптай инертті материал дайындалды.
СНХ: МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл мекенжайлар өткен жылғы су тасқыны кезінде жүргізілген талдауға сүйене отырып анықталды. Су басу қаупі бар аумақтарда оны мейлінше азайту үшін алдын алу шаралары жүргізілуде. Бұдан бөлек, осы айдың 25-і мен 28-і аралығында ел аумағында «Көктем–2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Оның барысында Төтенше жағдайлар департаменті барлық мүдделі органдармен бірлесіп, су тасқыны қаупін төмендетуге бағытталған практикалық іс-қимылдарды пысықтайды.
РКС: 70-ті алқымдаған Лема Арсанова бұл үйде 30 жылға жуық тұрып келеді. «Бұрын күш-қуатымыз тасып тұрған кезде барлық шаруаны өзіміз атқара беретінбіз, қазір денсаулығымыз сыр берген. Жалғыз қызым Ресейде тұрады, сондықтан өзгелердің көмегіне жүгінуге мұқтажбын», – дейді.
СНХ: ЛЕМА АРСАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Былтыр Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келіп, пештің мұржасын тазалап беріп кетті. Әрдайым көмектесіп тұрады. Енді міне ауланы қардан тазалап жатыр. Биыл қар қалың түсіп, үй маңын басып қалған еді. Үйіміз биіктеу жерде орналасқандықтан, су тасқыны қаупі туындаған жоқ. Бірақ, көршілерімізге су кіріп, қиындыққа тап болды. Жұбайым сал ауруына шалдыққан. Өзім де инсульт алғанмын.
РКС: Өскелең ұрпақ қазыналы қарттарға қол ұшын созу ең алдымен үлкенге деген құрмет екенін жақсы сезінеді. Қамқорлық көрсетумен қатар қоғамдағы адамгершілік пен ынтымақтастықтың үлгісін де паш еткендей.
СНХ: ТАҢНҰР ОТАРҒАЖЫ, МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Ең алдымен қарияларға біздің асыл қазынамыз болғандықтан қарияларға үлкен көмек тигізіп, қар тазалау арқылы су тасқынының алдын алу бойынша үлкен жұмыстар жүргіземіз. Қазақстан бойынша да үлкен су тасқындары орын алған жағдайда біздің академиямыз көмек көрсетуге бірінші орында тұрады. Менің бұл мамандықты таңдауым Отанды қорғағым келді. Халқыма қызмет еткім келді. Осындай игі кішкене ғана бастамалар әрі қарай үлкен де істерді алып кетеді деген ойдамыз.
ГРАФИКА МӘТІНІ: Айлық аясында осы күнге дейін облыс бойынша 60 зейнеткерге, көпбалалы 30 отбасы мен жалғыз тұратын мүмкіндігі шектеулі 60- қа жуық азаматқа көмек көрсетілді. 400-ден астам аулада жұмыс жүргізілді. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларын сақтауға қатысты 583 ұсыным берілді. Бұл көрсеткіштер өңірде алдын алу шараларының жүйелі және жан-жақты жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
ГРАФИКА:
Зейнеткер: 60
Көпбалалы отбасы: 30
Жалғызбасты тұрғын: 57
Аула саны: 403
Ұсынымдар: 583
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ