ДИКТОР: «Аяла» арнайы балабақшасына 3 жастан 6 жасқа дейінгі шамамен 100 бала барады. Мұнда тірек-қимыл аппаратының бұзылуы және психологиялық дамуы тежелген сәбилер білім алып, оңалту шараларынан өтеді.

РКС: Гельман Садықов он екі жыл емдік дене шынықтыру нұсқаушысы ретінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балалармен жұмыс істейді. Күнделікті жұмыс барысында түрлі арнайы тренажерлар мен жүру имитаторы оның көмекші құралына айналған. Биологиялық кері байланысы бар жүгіру жолы балабақшадағы қымбат жабдықтың бірі. Ол балалардың емдік дене шынықтыру жаттығуларында жүріс және тепе-теңдікті шыңдау үшін қолданылады.

СНХ: ГЕЛЬМАН САДЫҚОВ, ЕМДІК ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ НҰСҚАУШЫСЫ: Бала бізде бейімделу кезеңінен өткенде оған апта бойына толық бағдарлама құрастырылады. Әр бала ай сайын белгілі бір нәтиже көрсетеді. Оны күнделікті өзіміз де байқаймыз. Өз тәжірибемде нақты Көкшетауда 6 адамды аяққа тұрғызып, тұсауын кестім, қазір олар өздігінен жүре алады.

РКС: Оңалту шаралары үшін балабақша қалпына келтіруді жеделдетуге және ауыру белгілерін дәрілік жүктемесіз азайтуға көмектесетін құрылғыларды қолданады. Физиотерапевт пен медбике күніне шамамен 30 бала қабылдайды.

СНХ: АРМАН ҚАЖЫБАЙ, ФИЗИОТЕРАПЕВТ: Біздің балабақшада BTL аппараттары бар, бұл магниттік терапия, лазерлік терапия, ультрадыбыстық терапия сынды британдық физиотерапия аппараттары бар. Бұл физиопроцедуралар аурудың алдын алуға, мидағы қан айналымының жақсаруына бағытталады. Нәтижесінде балалардың когнитивтік қабілеттері жақсарады.

РКС: Соңғы жылдары арнайы балабақшада көптеген өзгерістер орын алды. Бұған дейін мектепке дейінгі білім мекемесіне кіретін жол болған жоқ. Сондықтан инватаксидің келуіне біраз кедергі болатын.

 СНХ: АЙБАРША ЫСМАҒҰЛОВА, «АЯЛА» АРНАЙЫ БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Тағы бір жақсы жаңалық — облыс әкімі Марат Мұратұлының инватакси үшін ақша бөлінуі. Осы ақпан айында инватаксиіміз келеді, ата-аналар өте риза, сол күтіп жүр. Инватакси біздің балабақшаға екі бағытта қызмет көрсететін болады, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың дамуына, психикалық дамуына да оң әсерін тигізеді.

РКС: Қазір балабақшаға келетін бүлдіршіндердің саны артты. Мамандар мен сарапшылар олармен күн сайын жұмыс жүргізеді. Жекелеген бағдарламалар дайындалып, қарапайым дүниелерге үйретіледі. Логопед, дефектологтар мен психологтар қажетті көмек көрсетеді. Сонымен қатар емдік дене шынықтыру мен физиотерапия залдары да бар.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ