ДИКТОР: Көкшенің ардақты перзенті жазушы, журналист Жанайдар Мусиннің туғанына 90 жыл толуына арналған «Өнегелі өмір – өшпес із» тақырыбымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараға қаламгердің бауырлары, көзін көрген және ағалық қамқорлығын сезінген азаматтар, өзінің есімімен аталатын колледждің студенттері қатысты.
РКС: Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжін жаңа деңгейге көтеріп, жастардың тәлімді тәрбие мен терең білім алуына мұрындық болған бұрынғы басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Нұртас Ахат өз сөзінде тұлға болып қалыптасу жолындағы адами қасиет пен игі істердің маңызына тоқталды. Еліміздің болашағы – кейінгі ұрпақты еркін ойлы етіп қана қоймай, оларға жағдай жасауды да естен шығармаған жөн. Бүгінгі шараға қатысқан жас буын өздері білім алатын оқу орны жазушының атын абыроймен алып келе жатқанын түсініп, бағасын бағамдап қалыпты.
СНХ КӘМИЛА АЙЖАНОВА, Ж. МУСИН АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Мен үшін үлкен нығмет сол колледжде оқығаным. Тарихына да көз жүгіртетін болсақ, ол тұлғаның ерекшелігі, сол колледжде оқып, білім алған. Ал қазір біз ұрпақтары болып, оның жолын жалғастырып жатырмыз. шығармаларына келетін болсақ, рухты, әсіресе адамның жан дүниесін ерекше сипаттайтын сол кездегі болған қиыншылықтарды, отарлау саясатын жазған жеке тұлғалардың бірі.
РКС:Дөңгелек үстел басында жазушының ұлы Мұхтар Мусин әке өнегесі өзінің өмірлік ұстанымы екеніне тоқталса, інісі Серік Баймұрзин ағалық ақылын асыл мұра ретінде әлі күнге дейін жүрегінде сақтап келе жатқанын айтты.
СНХ СЕРІК БАЙМҰРЗИН, ІНІСІ: Ғұмыр жасы өте қысқа болды. 55 жасында ғана өмірден өтті. Бірақ артына мәңгілік өлмес мұрасын жастарға қалдырып кетті деп санаймын. Ағамызға арнап осындай іс шаралардың өткеніне елімізге, жұртымызға, Көкшетау қалалық әкімшілігіне, облыс әкімшілігіне алғыс айтамыз, сондай-ақ Зеренді ауданында да бүгін үлкен іс-шара өтті, өзімен қызметтес болған жазушылар, журналистер қатысты. Сондай тамаша, есте қаларлық өнегелі жұмыстар атқарылды.
РКС: Дөңгелек үстел басында жақсы естеліктер айтылып, жастарға тағылымы мол ойлар ортаға тасталды. Ең басты құндылық – туған жерді сүю, оның әр тауы мен тасын бағалау, әр байлығын кеудеге түйме етіп қадау керек деген ұғымдармен астасып жатты.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ