ДИКТОР: Сыра өнімдеріне бақылау күшейтілді. Ақпанның 1-інен бастап елімізде сыра өнімдерін цифрлық таңбалау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Тиісті бұйрықты Сауда және интеграция министрлігі 2025 жылдың қараша айында жариялаған еді. Қазір нарық қатысушылары жаңа талаптарға алдын ала дайындалып, жұмыс үдерісін бейімдеуі үшін таңбалау жүйесі біртіндеп іске қосылуда. Ал өңірдегі ахуал қандай? Тілші айтсын.
РКС: Ақпанның бірінен бастап өндірілген өнім ғана таңбалауға жатады. Бұған дейін шығарылған тауарларды бір жыл ішінде еш кедергісіз сата беруге болады,-дейді мамандар. Сыраны өндірушілер, импортерлер мен бөлшек сауда сатушылары бірыңғай цфирлық сервис арқылы таңбалау жүйесіне қосылады.
СНХ: ЕРЖАН ШҮЛЕМБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Ақпанның бірінен бастап Қазақстанда бөшкелерде және шыны бөтелкелерде сатылатын сыраны міндетті цифрлық таңбалау жүйесі енгізілді. Ал келер жылдың 1-ші қаңтарынан бастап екінші кезеңде темір құтыларда сатылатын сыра цифрлық таңбаланады. Сонымен қатар дәл осы мерзімнен бастап таңбаланған сыра сусындарының сатылымы толық бақыланады. Ол таңбалау жүйесіндегі қабылдап алу-беру актісі мен тауарлардың бақылау көшірмесі арқылы жүзеге асырылады. Сыра өнімдерінің бөлшек саудасымен айналысатындар ақпанның бірінен бастап тауарларды таңбалау және бақылауға қатысты tanba.markirovka.kz сайтында тіркелулері тиіс. Сондай-ақ сыра өнімдерін одан әрі сату үшін өздерінің кассалық аппараттарын 2 D сканерлерімен жұмыс істеуге икемдеулері қажет.
РКС: Таңбалаудың арқасында сыра сусыны айналымнан автоматты түрде шығарылады. Сатылым сауда нүктелеріндегі күнделікті жұмыста қолданылатын бақылау-кассалық машинасындағы мәліметтер арқылы тіркеледі. Қазір дүкендер сауда-саттықты автоматтандыруға арналған бағдарламаларды қолданады. Сатушыларға қарапайым әрі түсінікті жүйелер тауарлар мен сатылымның есебін өздігінен жүргізеді.
СНХ: АННА ЧАГАЙ, САУДА-САТТЫҚТЫ АВТОМАТТАНДЫРУ ЖӨНІНДЕГІ КОМПАНИЯНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ: Сыраны міндетті таңбалау жүйесі енгізілді. Яғни әр құты есепте болады. Сату уақытын бақылау қатаңдай түседі, өйткені, барлық мәлімет кассадан бірден салық органына кетеді. Көбіне құқық бұзушылықтар түнде және ішімдікке қызғандар тарапынан орын алып жататынын статистикадан байқауға болады. Егер түнгі уақытта ішімдік сатылымын доғарсақ, көшелер де қауіпсіз болар еді деген ой туындайды. Біз бизнес ретінде мемлекеттің дәл осы мақсатқа жетуіне жәрдемдесеміз.
РКС: Цифрлық таңбалау өнім айналымының ашықтығын қамтамасыз етеді әрі нарықтың адал қатысушыларын қорғайды. Сыраны өндіру процесі, сақтау мен сату түсінікті әрі әдеттегідей қала береді. Жаңа жүйе тек оны заманауи цифрлық шешімдермен толықтыра түседі.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ