ДИКТОР: Ақмола облысында қысқы спорт түріне, әсіресе шаңғы мен биатлонға сұраныс жоғары. 25 мыңға жуық адам айналысады. Бұдан бөлек, 17 спорт мектебінде 2 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Болашақ олимпиадашылардың емін-еркін жаттығуы үшін өңірде тиісті жағдайлар жасалған ба? Әріптесім Лаура Елубаева баяндайды.

РКС: Бұл - Сандықтау ауданындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі. Мұнда 400-ге жуық бала білім алып жатыр. Олардың қатарында спорт әлеміне енді ғана қадам басқан балғындар да бар. Жас спортшылар үлкен додаларда бақ сынап, жүлдегер атануды армандайды.

СНХ: МАРГАРИТА КРУЧИНИНА, ОҚУШЫ: Мен биатлонмен 4 жылға жуық айналысып келемін. Осы уақыт аралығында көптеген облыстық жарысқа қатысып, жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жүрмін. Ендігі мақсатым чемпион атанып, халықаралық жарыстарға қатысу.

РКС: Жас биатлоншылар аптасына 5 рет жаттығады. Қазір олар қысқы олимпиада ойындарын экран арқылы тамашалап, ерекше сезімге бөленетіндерін жасырмайды. Болашақта ұлттық құрама сапына қосылып, олимп шыңын бағындыруды армандаймыз,-дейді.

СНХ: МАРК ШЕФЕР, ОҚУШЫ: Биатлон - мен ерекше жақсы көретін спорттың түрі. Менің ағам Эрик те соны таңдап отыр. Ол Германия елінде өтетін әлем чемпионатына жолдама ұтып алды. Мен де ағамның жолын қуып, халықаралық жарыстарға қатысып, еліміздің көк туын желбіреткім келеді.

РКС: Былтыр спорт мектебі күрделі жөндеуден өтті. Оған облыстық бюджеттен 117 млн.теңге бөлінді.

СНХ: МАКСИМ МОНАХОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: Бізде шаңғы жолақтары кеңейтіліп, күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл өз кезегінде сапалы жаттығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 2,5 шақырым айналма жол бойына жарық орнатылды. Енді кешкі уақытта да жаттығу өткізуге мүмкіндік бар. Бір сөзбен айтқанда қолайлы жағдайдың барлығы жасалып отыр. Біздің аймақта қар ерте түседі, қысымыз ұзақ. Сондықтан, осы мезетті тиімді пайдалануымыз керек.

РКС: Қазір Ақмола облысы бойынша 11 шаңғы базасы мен 100-ден астам хоккей корты жұмыс істеп тұр. Жыл сайын осы нысандардың техникалық базасы толығып, ескірген ғимараттар жаңартылып тұрады. Бұдан бөлек, биыл 4 спорт нысаны ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ