ДИКТОР: Көкшетаудың төрінде қазақ вальсінің падишасы, саз әлемінің саңлағы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Ән аға – Шәмші аға» облыстық фестиваль өтті. Онда облыстың түкпір-түкпірінен таңдаулы әншілер өнер көрсетіп, Көкше елінің тұрғындары мен қонақтарын сағынған сазды әндердің самалына бөледі. Бұл кеште Шәмші Қалдаяқовтың халық арасында кең тараған және ұмытыла бастаған әндері орындалды.
РКС: Сахна шымылдығы түрілген сәттен бастап көрермен жүрегін толқыныс тербеді. «Қайықта» әуелеп, «Арыс жағасында» сыр төкті, әншінің қай әні болса да зал ішін нәзік сезімге бөледі. Биыл фестивальге 13 ауданнан 30-ға жуық өнерпаз қатысты. Қатысушылардың орындауындағы әр ән уақытты кері айналдырып, тыңдарманды Шәмші әлеміне әкелгендей болды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: Алмат Әмірғазин өнерлі отбасынан шыққан. Ол Шәмші Қалдаяқов әндерінен ұйымдастырылған байқауларға жиі қатысып жүлделі орындарды еншілеген өнерпаз. Осыдан 13 жыл бұрын «Ән аға-Шәмші аға» облыстық байқауының бас жүлдесін жеңіп алған. Биыл да қоңыр даусымен дүйім жұртты тәнті етті.
СНХ:АЛМАТ ӘМІРҒАЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСУШЫ (ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ): Бүгінгі Шәмші аға облыстық фестиваліне арнайы Зеренді ауданынан келіп отырмын. Шәмші ағаның «Арқалықтың ақ таңы» шығармашылығын орындадым. Шәмші ағамыздың шығармашылығы енді, қазақ еліне өнері адамның баршасына мәлім кісі ғой енді. Вальстің королі. Шәмші ағаның фестиваліне қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан керемет кеш өтті. Жан-жақтан барша ауданнан келген әншілер, өнерпаздар халыққа жақсы көңіл сыйлады деп ойлаймын.
РКС: Шәмші шығармалары қазақ жанының үні. Оның әуендерінен даланың самалы, жастықтың жалыны, махаббаттың мөлдірлігі сезіледі. Ғасыр үні іспетті.Өнерпаздар композитордың сирек шырқалатын туындыларын тірілтіп, тың тыныс беруге ұмтылғаны байқалады. Сахнада жаңғырып, жаңа бояумен құлпырған әр шығарма көрерменге тосын әсер сыйлады.
СНХ:КҮЛӘЙІМ ИСИНА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Шәмші Қалдаяқовтың өлеңдері қандай болып жатыр «Махаббат» сондай өлеңдермен өстік қой. Жас кезімізде «Қайықта» әнін айтатынбыз. Әндерін жақсы көреміз. Бүгін туысымды алып келдім. Ол кісіні білмейтін кісі жоқ. Қазақстанда белгілі, жолдасым екеуміз үйде концерт көреміз, ылғи со кісінің әндерін. Білеміз, айта аламыз. Тойларды сол кісінің әндері айтылады.
РКС: Шәмші әндерін бала күнінен тыңдап өскен буын сахнадағы әр әуенге қосылып, махаббат бесігінде әнмен бірге тербелді. Ұйымдастырушылар көрермен арасында түрлі ойындар өткізіп, сый-сияпат ұсынды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Қазақ музыка өнерінде өшпес із қалдырған Шәмші Қалдаяқовтың 300-ге жуық әні бар. Бірақ олардың әрқайсысы – бір жүректің дүрсілі, бір ғұмырдың жыры. Көкшетау аспанында қалықтаған сол әндер бұл кеште тағы бір мәрте халықпен қауышып, мәңгілік сазға айналды. Кеш соңында қатысушылар дипломмен марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
ИНТЕРШУМ:
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ