ДИКТОР: Жасөспірімдер арасында қазақ күресінен Балуан Шолақ бабамыздың рухына арналған облыстық ашық турнир өтті. Бәсекеге Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облысының аудандарынан, сондай-ақ Ақкөл, Степногорск пен Көкшетау қалаларынан келген 250-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс 2010-2012 және 2013-2014 жылдары туған қыздар мен ұлдар арасындағы жеке салмақ топтарында өтті. Балғын балуандар боз кілемде асқан шеберлікпен белдесіп, күш-қайраттарын, төзімділіктері мен шапшаңдықтарын көрсетті.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Әр белдесу жоғары қарқынмен өтті. Балалар қарсыласының әдісін аңдып, ұтымды сәтте шапшаң қимыл жасап, түрлі әдіс көрсетті. Кейбір салмақ дәрежелерінде белдесулер өте тартысты өтіп, жеңімпаз соңғы секундтарда анықталды. Әсіресе финалдық кездесулер көрермендердің ерекше қолдауымен өтті. Бірқатар балғын спортшы таза жеңіске жетсе, енді біреулері ұпай басымдығымен жеңісті тартып алды.
СНХ: ҚУАНЫШ ҚАРАУЫЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық 11 спорт түрлері приоритет спортқа кірді. Олардың ішінде біздің қазақ күрес кіріп жатыр. Жалпы облыстың саны қазақ күреспен айналысқан 10 мыңнан астам. Қазақстан біріншілігі және шетелдегі жарыстарға балаларды қолдау керек. Жарысқа қатысу керек. Жарыстың бәрі кішкентай турнирден басталып жатыр, осыдан кейін облыстық турнир, Қазақстан біріншілігі.
РКС: Спортшылар күш-қайраты мен шеберлігін көрсетіп қана қоймай, намыс пен батылдықтың үлгісін паш етті. Жас өрендердің әр қимылынан жігер, әр әдісінен сенім байқалады. Олар белдесуде туған жерінің абыройын асқақтатуды мақсат етіп, жеңісті қолдан бермеу үшін аянбай тер төкті.
СНХ: ЕРНҰР ЖҰМАБАЙ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ: (СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН): Мен бұл жарыста финалдамын. Мен екі белес өткіздім. Екеуі де Көкшетау қаласының балуандары болды. Маған қиын болды. Көкшетау қаласынан батыр, балуандар шыққан. Және де мен де солар сияқты болғым келеді. Қазақ күресі балуандардың намысын, ерлігін ояту үшін қатысады. Мен бұндай спортқа қатысқаныма қуаныштымын.
СНХ: АМИР БОЙКО, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ (АҚКӨЛ): 42 келі салмақ дәрежесінде жарыс қорытындысына сәйкес екінші орынға ие болдым. Дода жоғары деңгейде ұйымдастырылды, барлығы сәтті өтті. Бұланды ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы, Көкшетау мен Степногорск қалаларынан мықты спортшылар қатысты. Қазақ күресі – менің сүйікті спортым. Спорттың бұл түрімен айналысып жүргеніме төрт жыл болды. Бұл оңай жол емес, чемпион болу үшін үздіксіз еңбек етіп, тынымсыз жаттығу қажет.
РКС: Ұлттық спорттың бұл түрімен айналысып жүрген қыздар да бар. Солардың бірі – Мөлдір Кәкімжанова.
СНХ: МӨЛДІР КӘКІМЖАН, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ (СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН): Күреспен айналысып келе жатқаныма 3-4 жыл болды. Бүгінгі жарыс өте керемет өтті. 52 келі салмақ дәрежесінде мен екінші орын алдым. Біз бүгінгі жарысқа Бірлестік ауылынан 10 бала келдік. Бүгінгі қарсыластарым өте жақсы күресті.
РКС: Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде белдескен үздіктер марапатталды. Өңірде 11 ұлттық спорт түрі ресми түрде бекітілген. Оның ішінде көпшілікке танымалы тоғызқұмалақ, асық ату, ұлттық ат спорты түрлері. Ал қазақша күрес – дәстүрлі ойындардың төресі саналады. Қазақ күресі жай ғана спорт түрі емес, ол – ұлттың намысы, жігері мен қайсарлығының көрінісі.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ