ДИКТОР: Көкшетауда қалалық ардагерлер кеңесінің XI есепті-сайлау конференциясы өтті. Жиынға қала әкімі Әнуар Күмпекеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары және қоғам қайраткерлері қатысты.
РКС: Жиын барысында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар мен бастамаларға тоқталды.
СНХ: ШИЯП ӘЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Мемлекет басшысы ел өміріндегі ең өзекті мәселелерді айқындап, берілген құрылтай қызметіне былайша баға берді. Халқымыз үшін зиялы қауымының орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте, көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жол сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Көкшетаулық ардагерлер қауымы ұлттық құрылтайда айқындалған әлеуметтік-экономика даму жөніндегі басым бағыттарды бірауыздан қолдайды.
РКС: Конференция барысында соңғы бес жылда атқарылған жұмыстар да сөз болды. Мәселен, елімізде қарттардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның аясында әлеуметтік төлемдер, салық жеңілдіктері және тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар қарастырылған. Бұл бастамалардың барлығы қарттарға деген қамқорлықтың белгісі,-дейді қатысушылар.
СНХ: ЕРМЕК НҰҒЫМАН, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 5 жылда үлкен-үлкен жақсы өзгерістер болып жатыр. Осы 5 жылда біздің республикамызда егде буын адамдарының, қарттардың өмірін жақсартуға арналған «Белсенді ұзақ өмір» атты бағдарлама қабылданды. Және Президент әр өзінің баяндамасында және Конституцияда Қазақстан әлеуметтік мемлекет екенін айтады. Міне, сол еліміздің әлеуметтілігін қарттарға жасаған қамқорлығынан көріп жатырмыз. Көкшетау қаласының барлық зейнеткерлері қоғамдық көлікте 2-ші жыл жүріп жатыр. Санаторлық-курорттық емдеуге 3,5 млрд қаржы бөлініп, барлық зейнеткерлерге 30 айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы бөлініп жатыр. Соның барлығы бізге, қарттарға жасалған үлкен қамқорлық деп білеміз.
РКС: Бүгінде шаһарда 30 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Қазыналы қариялар қоғамдық өмірде белсенділік танытып, жас буынға жол сілтеп, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлердің сақталуына өз үлесін қосып келеді. Ал конференция қорытындысы бойынша ашық дауыс беру арқылы Шияп Әлиев ұйымның жаңа төрағалығына қайта сайланды. Жиын соңында қоғамдық өмірде белсенділік танытқан бір топ ардагер Көкшетау қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ