ДИКТОР: Мәжіліс депутаты Айна Мүсірәлімова Көкшетауда мұғалімдермен және дәрігерлермен кездесті. Халық қалаулысы Жаңа Конституцияның жобасы мен алдағы референдумды өткізудің жай-жапсарын баяндады. Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын жолдады.

РКС: Ел Конституциясына өзгертулер енгізу және оны қабылдау жылдың басты оқиғасының біріне айналмақ. Өзгертулер қазақстандық қоғамның барлық саласын қамтыған. Осы ретте оны жан-жақты талқылап, ой елегінен өткізу қажет. Халықтық референдумға санаулы уақыт қалды. Сондықтан, халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.

СНХ: АЙНА МҮСІРӘЛІМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Конституция жобасының алғашқы мәтіні жариялаған күннен бастап қоғамның пікірін көріп отырмыз. Әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылды. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырыстары әлеуметтік желілердің аккаунттары, теледидар, тіпті мерзімдік баспасөз арқылы ашық қолжетімділікте өтті. Референдум өтетін күн белгіленді. Азаматтардың енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қатысты жаңашылдықтардың мәнін егжей-тегжейлі сараптауына әлі уақыт бар.

РКС: Айна Мүсірәлімова облыстық мәслихаттың депутаттарымен бірге 2-ші мектеп-лицейінің ұжымымен кездесті. Мәжіліс депутаты өзге елдерде қабылданған Конституцияны салыстыра келіп, Негізгі Заңда жазылған басты басымдықтар туралы баяндады. Өз кезегінде мұғалімдер жаңа Ата Заң жобасын қолдайтындарын жеткізді.

СНХ: АЙБЕК ӘБИЕВ, №2 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Бұл Конституция менің ойымша Қазақстанды және Қазақстан халқын одан әрі дамытуға көмек береді деп ойлаймын. Сонымен қатар бұл білімді, әділеттілікті, адалдықты алға қойған Конституция ретінде ұсыну. Және осы ретте қазақ халқы дұрыс шешім қабылдап, қазақ халқы үшін әрдайым жолға бастайтын, алға бастайтын ең басты заңдардың біріне айналатынына сенімді.

РКС: Көкшетау қалалық емханасында өткен кездесуде халық қалаулысы мен партия өкілдері жаңа Конституцияның жобасын қабылдауға қатысты дәрігерлермен жүздесіп, пікірлерін тыңдады.

СНХ: ҒАЛИЯ САБАТАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: Әрине қазіргі заманда Ата Заңның өзгеріске ұшырауы заңды құбылыс. Өйткені, жасанды интеллект ғасырында тұрмыз. Біз қазір онымен жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі талқылау мағыналы өтті деп есептеймсін. Ақ халаттылар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Ең бастысы наурыз айында жалпыхалықтық референдумға бір кісідей қатысып, атсалысамыз.

РКС: Республикалық референдум наурыздың 15-де өтеді. Оған дейін халық қалаулылары тұрғындармен кездесіп, жаңа Конституцияның жобасын түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ