ДИКТОР: Бүгінде білім беру кеңістігі сапалық тұрғыдан жаңа стратегиялық кезеңге қадам басты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен еді. Аталған өзекті мәселелер Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті базасында облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың төрағалығымен өткен «Реформаларды жүзеге асыру аясындағы қазіргі заманғы білім беру» атты дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды.
РКС: Тұңғыш рет Конституция мәтінінде ғылым мен инновация мемлекет қызметінің стратегиялық басымдығы ретінде нақты көрініс тапты. Жиын барысында білім мен ғылымды дамыту, инновациялық экожүйені қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланып, олардың мемлекеттік саясаттағы басты бағыттардың бірі екені ерекше атап өтілді.
СНХ: АРДАҚ ҚАПЫШЕВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Көптеген мемлекеттердің Конституцияларымен салыстырғанда, біздің жаңа жобада білім, ғылым және мәдениет салалары нақты көрсетіліп, айрықша мән беріліп жазылған. 2026 жылғы Конституцияның жаңа жобасы – еліміздің жаңғыру жолындағы маңызды қадам. Онда білім, ғылым және инновация салалары мемлекет дамуының басты тіректерінің бірі ретінде айқындалған. Сондықтан жаңа Конституция жобасында жас ұрпаққа бағытталған, адами капиталды дамытуға негізделген басымдықтардың берілуі – уақыт талабы әрі стратегиялық дұрыс шешім деп ойлаймын.
РКС: Сондай-ақ жиында жасанды интеллектті оқу үдерісіне кеңінен енгізу мәселесі де жан-жақты талқыланды. Бүгінде цифрлық технологиялар білім беру сапасын арттырудың негізгі құралына айналып отыр. Осы ретте университет қабырғасында жасанды интеллект негізінде білім беру платформаларын жетілдіру, зерттеу жұмыстарын автоматтандыру және деректерді талдау жүйесін дамыту бағыттары сөз болды.
СНХ: ЕРКЕШ РАҚЫМЖАНОВ, ШОҚАН УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Білім беру жүйесі жаһандық үдерістерге бейімделіп, өз мазмұнын жаңартып келеді. Мысалы, соңғы бірнеше жылда жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы бағытындағы инновациялар білім беру процесіне қарқынды түрде енгізіле бастады. Бұл өз кезегінде оқу мазмұнының елеулі өзгеруіне алып келді. Сонымен қатар, министрлік деңгейінде қабылданып жатқан реформалар мен стратегиялық бағыттардың негізгі мақсаты – Қазақстанды Орталық Азияның академиялық хабына айналдыру, әлемдік білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде таныту және білім беру сапасын арттыру.
РКС: Қоғам қарқынды серпіліс пен жаңғыру үдерісінен өтіп жатқан тұста мемлекет пен халық алдында шешуші таңдау тұр. Жаңа Конституцияның бағыт-бағдары елдің болашағына бастар жолды айқындайды. Мамандар бұл өзгерістерді, әсіресе ғылыми қауымдастық пен жоғары білім саласы үшін, кәсіби қызмет пен зерттеу жұмысына серпін беретін бастама ретінде бағалайды.
СНХ:АМАНАЙ СЕЙІТҚАСЫМОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Білім, ғылым және өнер салалары алғаш рет Конституция деңгейінде стратегиялық бағыт ретінде нақты айқындалып отыр. Бұл дегеніміз – мемлекет тарапынан білім мен ғылымды дамытуға, өнерді қолдауға заңды негізде басымдық беріледі деген сөз. Яғни гранттық қолдау, ғылыми жобаларды қаржыландыру, сала мамандарын қолдау, ғылыми зерттеулерді дамыту, халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту сияқты бағыттардың барлығы жүйелі түрде қолдау табады. Осы себепті ғылыми қауымдастық бұл бастамаларды жылы қабылдады. Өйткені Конституция – болашақтың заңы, Конституция – жастардың заңы, Конституция – еліміздің келешек дамуының берік негізі деп есептейміз.
РКС: Қорытындылай келе, адам капиталына, оның ішінде мамандардың білімін, кәсіби шеберлігін және инновациялық әлеуетін дамыту арқылы Қазақстан тұрақты экономикалық және экологиялық өсуге қадам басуда. Жаңа Конституция жобасы - осы бағыттарды заңдық негізде бекітіп, елдің болашағына бағытталған сенімді қадам.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ