ДИКТОР: Өңірде өрт сөндіру бөлімдерін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар өртке қарсы қауіпсіздік жүйесі де нығайтылуда. Жуырда Ерейментауда жаңартылған өрт сөндіру модулі іске қосылды. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты.

РКС: Бөлім ғимараты 1985 жылы салынған. Ұзақ жыл қолданыста болған ғимарат техникалық әрі функционалдық тұрғыдан тозығы жеткен. Жүргізілген жаңғырту жұмыстары инфрақұрылымды толық жаңартып, оны заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік берді. Енді бөлімше 32 елдімекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл аумақта 26 мыңнан астам адам тұрады. Жаңартылған бөлімде қызметкерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыруға арналған оқу кабинеттері жабдықталған. Сондай-ақ жайлы тұрмыстық жағдайлар жасалып, демалыс аймақтары қарастырылған. Жеке құрамның дайындығын сақтау үшін заманауи «Batyr team» спорт залы ашылды.

СНХ: МАРҒҰЛАН АЙДАБЕРГЕН, ӨРТ СӨНДІРУШІ-ҚҰТҚАРУШЫ: Бізге жаңа техника берілді. Онымен жұмыс істеу әлдеқайда ыңғайлы. Апатты-құтқару жұмыстарына жедел шығамыз. Сонымен қатар жаңа құрал-жабдықтармен қамтылдық. Кезекшілікке түскенде тамақтану да, жаңа жатын бөлмеде демалу да әлдеқайда жайлы. Барлығы жаңа, толық жабдықталған. Психологиялық демалыс бөлмесі бар. Сол жерде жиналып, жұмысқа қатысты мәселелерді талқылаймыз.

РКС: Салтанатты шара барысында министр елде өрт сөндіру бөлімдерін жаңғыртудың кешенді бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, инфрақұрылымды жаңарту – халықты қорғау деңгейін арттыруға және азаматтық қорғау қызметтерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

СНХ: ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: Барлықтарыңызды осы жаңа нысанның ашылуымен құттықтаймын. Екі жыл бұрын осында келіп, жағдаймен танысып, сол кезде жоспар құрдық. Осы жолда қаржылық сұрақтар болып, бюрократиялық сұрақтар болған, осы 25-ші жылдың қазан айында сұрақ шешіліп, содан бері құрылыс монтаждық жұмыстар басталды. Өздеріңіз куә болдыңыздар, қандай күйде болғаным, қандай күйде, қазір енді.

РКС: Ашылу салтанаты аясында бөлімшеге жаңа техника табысталды. Оның ішінде күрделі климаттық және жол жағдайларында жұмыс істеуге арналған автокөліктер, сондай-ақ өрт сөндіру автоцистернасы бар. Автопаркті жаңарту шақырту орнына жету уақытын қысқартып, өрттерді сөндіру тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ