ДИКТОР: Балаларға арналған «Болашақ» оңалту орталығы күрделі жаңғыртудан кейін ресми түрде жұмысын қайта бастады. Ғимарат соңғы 40 жыл бойы мүлдем жөндеу көрмеген еді. Емдеу-сауықтыру шараларында өзгеріс бар ма? Жаңартылғаннан кейін мамандар үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашылды? Тілші баяндасын.
РКС: Оңалту орталығының ғимараты 1976 жылы қолданысқа берілген. Ал «Болашақ» бөлімшесі 1987 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Содан бері мекемеде бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қайта жаңғырту нәтижесінде кешеннің сыртқы келбеті толық өзгерді. Ғимарат толық жаңартылып, заманауи талаптарға сай етіліп жасалды.
СНХ: ВАЛЕРИЙ ДЕБЕЛО, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қаңтар айында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Инженерлік желілер жаңартылып, ғимараттың шатыры мен кіреберісі ретке келтірілді. Едені мен есіктері ауыстырылды. Сондай-ақ тұз шахтасына да жөндеу жүргізіліп, шунгит бөлмесі пайдалануға берілді.
РКС: Орталықтың медициналық жабдықтары жаңартылды. Дәрігерлер роботталған вертикализаторлар мен заманауи физиотерапиялық құрылғылармен жұмыс істейді. Дәметкен Темірбаеваның баласы осы жерде жеті жылдан астам ем-дом алуда. Қазір мұнда балаларға барлық жағдай жасалған, ал дәрігерлердің кәсібилігі заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылып отырғ-дейді ол.
СНХ: ДӘМЕТКЕН ТЕМІРБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мұнда баламызға қажет емдік дене шынықтыру, массаж, балшықпен емдеу сияқты барлық сауықтыру шараларын алып отырмыз. Заманауи жаттығу құрылғылары жеткілікті. Орталықтың іші таза, жайлы әрі жылы, балаларға қолайлы жағдай жасалған.
РКС: Орталықта балалардың иммунитетін нығайтуға да ерекше көңіл бөлінген. Толық жаңғыртудан кейін тұз шахтасы қайта қалпына келтіріліп, негізгі емге қосымша ретінде бронх-өкпе аурулары, демікпе және тері бөртпелері бар балаларға ем-дом ұсынылады. Емдік процесті жақсарту аясында алғаш рет шунгит бөлмесі қолданысқа енгізілді. Бұл бөлме балалардың эмоционалды жағдайын реттеуге арналған және ұйқы бұзылыстары, жоғары тітіркенгіштік пен мінез-құлық ерекшеліктері бар емделушілерге медициналық көмек көрсетеді.
СНХ: АЙСҰЛУ МҰҚЫШЕВА, НЕВРОЛОГ ДӘРІГЕР: Тұз терапиясы бөлмесі бізде бұрын да болған, алайда жабдықтардың тозуы себебінен бірнеше жыл бойы жұмысы тоқтап тұрды. Бұл қызмет түрлі қосымша сырқаты бар балаларға ұсынылады. Сонымен қатар, қазір жаңа шунгит бөлмесі ашылды, бұрын мұндай мүмкіндіктер болмаған.
РКС: «Болашақ» оңалту орталығы 100 орынға шақталған. Мекеме аймақтағы 3 айлық сәбиден 18 жасқа дейінгі балаларға арнайы медициналық көмек көрсетеді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ