ДИКТОР: Биыл Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры шымылдығының түрілгеніне 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында түрлі жанрдағы спектакльдер сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Мерейтой аясында театр ұжымы кезекті жаңа қойылым – «Алтын қақпа» атты комедиялық спектаклін көпшілік назарына ұсынды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Қойылымдағы негізге алынған мәселе – іргелес отырған қазақ пен өзбек отбасының күнделікті өмірі. Екі әулеттің перзенттері арасындағы кіршіксіз сезім елдер арасындағы ынтымақты айшықтай түседі. Қос отбасының достығы мен құдалыққа ұласқан қуанышы... Алайда күтпеген жағдай бәрін өзгертеді. Кенеттен келген байлық көршілік қарым-қатынасты сын тезіне салып, кейіпкерлердің шынайы болмысын аша түсті. Адам бойындағы адалдық пен ашкөздік, достық пен дүниеқоңыздық, пенделік пен парасат сезімдері тең дәрежеде көрсетілді.
СНХ: МАНАРБЕК ҚЫДЫРБАЙ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Комедия ол енді адамды күлдіру үшін емес қой, кейде комедия болады күлдіре отырып жылату, сол сияқты бұның да адамзатқа айтатын ойы, идеясы өте жақсы. Адамгершілікке, кісілікке, тазалыққа, шынайылыққа баулиды. Яғни өмірдің өзі театр деп алып қарасақ, өмірде түрлі адамдар бар, түрлі тағдырлар бар. Өмірдегі қызықты сәттерін есіне түсіріп, осы қойылымнан сабақ алып, сахнадағы әр кейіпкердің бойынан әр көрермен өзін көреді деген ойдамыз.
РКС: Абыр-сабыр әрекеттер мен күлкілі жағдаяттар көрерменді бей-жай қалдырған жоқ. Зал бір сәт шат күлкіге енсе, енді бірде оқиғаның ішіне кіріп кетіп, терең ойға батты.
СНХ: САПАРАЙ СҮЙІНБАЕВА, КӨРЕРМЕН: Бүгінгі қойылым керемет өтті. Премьера деген ол комедия өте әсерлі, талай әзілдер болды, күшті болды деп ойлаймын. Актерлер көп нәрсені әзілмен жеткізе алды деп ойлаймын. Көптеген мәселелер қозғалды, отбасылық мәселелер, қызды басқа елге тұрмысқа беру деген сияқты, немесе алтынды өзі иелі болып алуға деген сияқты. Қызды бай адамға ақша үшін сату деген мүлдем жат нәрсе деп ойлаймын. Негізі ол дұрыс емес.
РКС: Осылайша, жаңа комедия театр репертуарын толықтырып, сахна өнеріне қызығушылық танытқан жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Көрермендер рухани азық алып тарқасты.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ