ДИКТОР: «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында облыстық әділет департаменті прокуратурамен және бірқатар мемлекеттік органдармен бірлесіп азаматтармен кездесу өткізді. «Құқықтық дәріхана» акциясы барысында тұрғындар құқықтық көмекпен қатар сала мамандарының кеңесін алды.
РКС: Акцияның басты мақсаты – құқықтық көмекті әр азаматқа қолжетімді әрі түсінікті ету. Ұйымдастырушылар өзекті мәселелерге тоқталды. Тұрғын үй заңнамасының талаптары мен білім беру жүйесіндегі маңызды тетіктер кеңінен түсіндірілді. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке қатысты жеке бөлімде заң талаптары нақты мысалдар арқылы баяндалды. Мамандар күнделікті өмірде жиі кездесетін күрделі құқықтық мәселелерді қарапайым әрі түсінікті тілде тарқатып, тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.
СНХ: НҰРСҰЛТАН АЛДАШЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ ҚОҒАМДЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: «Құқықтық дәріхана» акциясы Ақмола облысының аумағында ақпан айының басынан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қалалық және аудандық деңгейде 50-ден астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. 500-ден астам азамат қабылданып, құқықтық көмек көрсетілді.
РКС: Мәселенің өзектілігін ескере отырып, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылға арналған арнайы бөлім ұйымдастырылды. Ашық диалогқа екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысып, қаржылық қауіпсіздікке қатысты өзекті сауалдарға жауап берді. Сарапшылар киберқауіпсіздік ережелерін тәжірибелік мысалдар арқылы түсіндірді. Алаяқтардың психологиялық қысым жасау әдістерін қалай анықтауға болатыны, SMS-кодтарды бөгде адамдарға берудің қауіптілігі және күмәнді әрекеттер байқалған жағдайда шоттарды жедел бұғаттау тетіктері туралы ақпарат берілді.
СНХ: АЙНАШ ҚАЗЕЗОВА, ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ БАНКТІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Көбіне SMS-кодтар басқа тұлғалар арқылы келеді. Мысалы, азаматтарға «Халық банкі» деп көрсетіп қоңырау шалуы мүмкін, ал SMS хабарлама 1414 нөмірінен жіберілуі ықтимал.
РКС: Акцияға 100-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Қатысушылардың қатарында көпбалалы аналар да болды. Соның бірі – Гүлмира Хасенова.
СНХ: ГҮЛМИРА ХАСЕНОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА: Тұрғын үй мәселесіне қатысты сауалыма нақты жауап алдым. Осындай акцияларды өткізіп тұрғаны әсіресе өзім сияқты көпбалалы аналар үшін өте маңызды деп ойлаймын. Кейде құқықтық мәселелерге қатысты біліміміз жеткіліксіз болып жатады, сол себепті мамандардың кеңесіне жүгінген дұрыс.
РКС: Мамандар азаматтарды құқықтық көмекті цифрлық сервистер арқылы алу жолдарымен де таныстырды. Олардың қатарында чат-бот, AdiletGov мобильді қосымшасы және «Заң мен Тәртіп» цифрлық сервисі бар. Бұл платформалар арқылы тұрғындар құқықтық ақпарат пен қызметтерді онлайн режимде жылдам ала алады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ