ДИКТОР: Бүгін айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айы басталды. Бұл ай жүректі тазартып, тіліңді ғайбаттан, көзіңді жамандықтан тыятын уақыт. Ораза ұстау – шамасы келген әрбір мұсылманға жүктелген парыз. Осы қасиетті міндетті орындау кезінде кейде білместікпен түрлі қателіктерге жол беріп жататынымыз рас. Оразаны қандай әрекеттер бұзады? Неден сақ болған жөн? Рамазан айында берілетін пітір садақаның биылғы мөлшері қандай? Әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.

РКС: Ауыз бекіткен жандардың арасында сәресі мен ауызашар кезінде білместікпен қателіктерге жол беріп жататындар да кездеседі. Мәселен, уақытынан бұрын ауыз ашу немесе сәресіне тұрмай, ерте ауыз бекітіп қою секілді жағдайлар орын алып жатады. Мұндай әрекеттер оразаның дұрыс орындалуына кері әсер етуі мүмкін,-дейді дін саласының мамандары.

СНХ: ҰЛАН ШӘРІПОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЖАҚИЯ ҚАЖЫ МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ: Нақты сауап алғысы келетін адам сәресін уақытына тақап жасағаны дұрыс болады. 5:47 ме, сол 5:47-ге дейін аузын бекітіп сол уақытта аузын бекіткен дұрыс болады. Ауыз ашар барысында адамдардың арасында көптеген сұрақтар туындап жатады. Енді бірінші дұғасын айту керек пе, ауыз ашу керек пе, су ішу керек пе, құрма жеу керек пе деген. Оған байланысты ұстаздарымыз ауыз ашарға шамамен бір 5 минут немесе 3-4 минут қалған кезде адам баласы өзінің тілеген дұғаларын, тілектерін тілесе, ауыз ашар дұғасын тілеп, тура уақыты келген кезде ауызды ашқаны жақсы.

РКС: Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы биылғы Рамазан айына арналған пітір садақаның мөлшерін 735 теңге деп бекітті. Мамандар пітір садақаның әр жылы әр түрлі болу себебі нарыққа байланысты дейді. Шариғат бойынша пітір садақа негізгі тағам түрлерімен өлшенеді. Ол ұн, мейіз немесе құрма. Ұнның нарықтағы құнын негізге ала отырып, биыл екі килограмм ұнның бағасы 735 теңге деп белгіленді. Бұл – пітір садақаның ең төменгі мөлшері, яғни бір адамның бір күндік тамағының құны. Ал тұрмысы жақсы жандар екі килограмм мейіздің немесе төрт килограмм құрманың құнына тең мөлшерде пітір садақа бергені абзал.

СНХ:НҰРЛАН ЖҰЛТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ НАУАН ХАЗІРЕТ МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ: Пітір садақа тек қана Рамазан айының ішінде айт намазына дейін беріледі. Садақа баратын адамның өзінің жағдайы болу керек. Өзі қыйналып қалатындай болса оны берудің қажеті жоқ және қарызданып берудің қажеті жоқ. Қазір мешіттерде пітір садақа қабылдайды. Арнайы жәшіктері бар. Мұқтаж кісілер мешіттен келіп көмек алады. Сондықтан мешітке келіп садақа салуға немесе Каспий, Халық қосымшалары арқылы төлеуге болады. Отбасылы адам өзінің отбасы үшін береді. Егер әйелі өзі бөлек табыс табатын болса, әйелі өзі бөлек бергені дұрыс. Егер баласы табыс табатын болса ол да өзі үшін бөлек бергені дұрыс.

РКС: Рамазан – адамды сабырға, кешірімге тәрбиелейтін ұлы рухани кезең. Бұл айда мұсылман баласы тек ішіп-жеуден тыйылып қана қоймай, ең алдымен өз нәпсісімен күресуге, мінезін түзеп, жүрегін тазартуға ұмтылуы тиіс.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ