ДИКТОР: Жаңа Конституция жобасы халық арасында кеңінен талқылануда. Жоба преамбуласының кеңейтілуі көпшіліктің назарын аударды. Онда Ұлы дала тарихы мен ұлттық құндылықтар айқын көрініс тапқан. Сонымен қатар, «Әділетті Қазақстан», «Заң және тәртіп» қағидаттары мемлекеттің алдағы даму бағыты ретінде белгіленген. Преамбулада мемлекеттік тілдің мәртебесі, егемендік пен аумақтық тұтастықтың мызғымастығы нақты көрсетілген. Жаңа Конституция жобасының ел дамуына ықпалы жөнінде «Ауыл» партиясының өкілдері мен аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен саяси кеңес отырысында талқыланды.

РКС:Жиын қатысушылар Конституция жобасында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, өңірлердің дербестігін арттыру және мәслихаттардың ролін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Сондай-ақ, адам капиталына басымдық беру, білім мен ғылымды дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытындағы нормалар кеңінен талқыланды.

СНХ:ӘБІЛЖАН ҚҰСАЙЫНОВ, БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Мен білім және ғылым саласының қызметкері ретінде, жобада адам капиталына басымдық берілгеніне ерекше назар аудардым. Атап айтқанда, білім, ғылым, мәдениет және өнер салаларына ерекше мән берілгені. Бұл Конституциямыздағы нақты жаңашылдықтардың бірі. Қазір Қазақстан тек шикізатқа тәуелді мемлекет ретінде мәңгі жасай алмайды. Біз жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізіп жатырмыз, сол себепті адам капиталы еліміздің экономикалық және экологиялық дамуына шешуші рөл атқарады. Сондықтан бұл өте маңызды бағыт.

РКС: Жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, әділетті қоғам құруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды құжат ретінде бағалануда.

СНХ:НАЗАРБЕК КӨКЕНҰЛЫ, АҚКӨЛ АУДАНЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Жалпы алғанда, енгізіліп отырған өзгерістер еліміздің және халқымыздың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Көп адамдар Конституция мен жеке адамның өмірін бөлек деп қабылдайды. Алайда әрбір адамның өмірі Конституцияның міндеттерімен тікелей байланысты. Өйткені әркім өз қызметін атқарған кезде, күнделікті тұрмысында, отбасы құру барысында Конституция баптарында көрсетілген құқықтар мен міндеттерге сүйенеді. Сол себепті, бұл өзгерістер еліміз бен азаматтарымыз үшін өте маңызды. Осы өзгерістерді қарау, талқылау және білу әр азаматтың парызы деп есептеймін. Референдум әрбір азаматтың билікке және елді басқаруға қатысуы,-деп санаймын. Сондықтан талқылауға белсенді қатысу қажет. Референдумда өзінің азаматтық парызын орындап, дауыс беру дұрыс деп санаймын.

РКС: Жоба аясында «Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет» қағидаты жалғасын таппақ. Өңірлердің дербестігін арттыру және мәслихаттардың ролін күшейту бұл жергілікті деңгейде шешім қабылдауды жеделдетіп, аймақтардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді,-дейді сарапшылар. Сондай-ақ, шара барысында «Ауыл» партиясының 25 жылдығы мерейтойына орай белсенді мүшелер мерейтойлық медальдармен марапатталды. Ал партия қатарына жаңа қабылданған азаматтарға партия билеттері табыс етілді.

ИНТЕРШУМ:

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ