ДИКТОР: «Кітап AMANAT» орталығы тағы бір рухани мазмұнға толы, тағылымды кештің шымылдығын түрді. Бұл жолы әдебиетсүйер қауым ақын, жазушы, журналист Серік Жетпісқалиевтің шығармашылығына арналған «Ғашықпын саған, Көкшетау!» атты әдеби кеште бас қосты. Шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагер қаламгерлер мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері қатысып, жазушының еңбектеріне тоқталды.

РКС: Кеш барысында жазушының газет беттерінде жарияланған «Көкшетау көшесінде» атты эссесі көпшілік назарына ұсынылды. Аталған шығармаға Көкшетаудың қарқынды дамуы мен жаңарған келбеті арқау етіліп, заманауи өзгерістері суреттеледі. Сондай-ақ бұған дейін жазылған «Жоғалған бала жазбалары» атты эпистолярлық повесі туралы да сөз қозғалды. Еңбекте қаланың күрделі кезеңі – жарығы сөніп, жылуы өшіп, облыс орталығы мәртебесінен айырылған тұстағы ахуал бейнеленеді. Осылайша, автор қос туындысы арқылы екі кезеңді өзара сабақтастыра суреттеп, шаһар тағдырын уақыт таразысына салған.

СНХ: СӘБИТ ЖӘМБЕК, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Өзінің публицистикалық орамды тілімен, сондай көкейтесті мақалаларымен Көкшетау баспасөзіне үлкен еңбек сіңірді. Одан қала берді Серік Жетпісқалиев балалар әдебиетінің де жарқын өкілдерінің бірі деп айтуымызға болады. Оның мынау «Балық аулай барғанда», «Бахтияр бұзық бала емес» кітаптары оқушы балалардың қолынан түспейтін кітаптар. Бұл кісінің мынау «Көзімдей көр», «Тас қайрақ» басқа да жыр жинақтары бар. Қазақ поэзиясының антологиясының 8-ші томына Серік Жетпісқалиевтің өлең-жырлары енген. Бұл біз үшін мақтаныш.

РКС: Сала саңлақтары қарымды қаламгердің шығармашылық қырына кеңінен тоқталып, оның жазушылық, ақындық, аудармашылық, публицистикалық еңбектерін атап өтті. Ақынның өмір жолы мен рухани ізденістері әңгіме арқауына айналды.

СНХ: МАНАРБЕК ҚЫДЫРБАЙ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Ол кісі жазумен ғана шектелмей, аудармамен де көп айналысқан. 2025 жылы болған премьералардың бірі жапондық жазушы, режиссер, сценарист Акира Куросаваның «Додескаден» деген шығармасын біз театрда сахналаған болатынбыз, арнайы режиссер шақырып. Сол шығарманы орыс тілінен қазақ тіліне сәтті тәржімалап берді. Оны көрермен жақсы қабылдады. Бұл да әдебиетке, мәдениетке, театрға қосқан үлкен үлесі деп білемін.

РКС: Кездесуге қатысқан студенттер қаламгердің әдеби мұрасы туралы кең көлемде мәлімет алып, тағылымды ой түйді. Мұндай танымдық кештер өскелең ұрпаққа рухани азық болып, ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылық ізденісіне тың серпін берері сөзсіз.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ