ДИКТОР: Қала тұрғындарының жайлылығы, ең алдымен өз үйінің ауласынан басталады. Осы ретте елімізде «Amanat» партиясы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаруға арналған «Тұрғындар аманаты» атты жаңа жобаны қолға алды. Көкшетауда «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты семинар-форум өтті. Жиын барысында қандай мәселелер қарастырылды, жобаның мақсаты қандай? Әріптесім Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Форумда көппәтерлі үйлерді басқарудың өзекті мәселелері талқыланды. Инженерлік желілердің тозуы, қаланың балансына дұрыс енгізілмеуі, қаржылық және ұйымдастырушылық ресурстардың жеткіліксіздігі, төлемдер мен басқару мәселелеріндегі түсінбеушіліктер жиі байқалатыны жасырын емес. Сондықтан тұрғындар тарапынан пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің жұмысына шағым көп түседі. Осы ретте «Тұрғындар аманаты» жобасы тұрғындар мен басқарушы ұйымдарға үйлер мен ауладағы түйткілдерді шешуде нақты қолдау көрсетуді көздеп отыр. Бұл дегеніміз - енді тұрғындар өздерінің тұрғылықты аумағын абаттандыруға белсенді атсалыса алады деген сөз.
СНХ: ЮЛИЯ КУЧИНСКАЯ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Былтыр депутаттар мен «Amanat» партиясы мүшелері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешу үшін заңға түзетулер енгізді. Қазір бұл түзетулер күшіне енді. 1-ші қыркүйекке дейін барлық пәтер иелері кооперативтері қайта тіркеліп, заңды субъект ретінде жұмыс істеуі керек. Заңнамадағы өзгерістердің басты мақсаты - меншік иелерінің құқықтарын қорғау. Бұл тек пәтер иелері кооперативтерін немесе басқарушы компанияларды заңды тұлға ретінде қолдаумен шектелмей, олардың көппәтерлі үйлер мен тұрғындардың мүддесі үшін тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ, азаматтар өз үйлерінің басқаруына белсенді қатыса алады.
РКС: Ал сандарды сөйлетсек, аймақта шамамен 4 мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 400-і мүлік иелері бірлестігі, ал 800-і пәтер иелері кооперативі ретінде тіркелген. Яғни, тұрғындардың басым бөлігі әлі де жаңа басқару моделіне сенім білдірмейді. Осы орайда, «Amanat» партиясы қолға алған жаңа жоба - ашықтықты қамтамасыз етуді басты назарға алып отыр. Жалпы жоба аясында арнайы фронт-офис ашылмақ. Онда кез-келген азамат әлеуметтік бағдарламалар мен тұрғын үй қатынастары заңнамасын түсіну мақсатында оқыту курстары мен семинарларға қатыса алады.
СНХ: АЙГҮЛ ӘРІНОВА, КӨППӘТЕРЛІ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ БАСҚАРУ КӘСІБИ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ: «Тұрғындар аманаты» және қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан барлық реформа мемлекеттік бюджетті толықтыру үшін емес, ең алдымен әрбір тұрғынның өзіне ыңғайлы және жайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету үшін бағытталған. Осы мақсатқа жету үшін әр азамат осындай жобаларға қатысып, жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әрине, бұл үшін алдымен саладағы өзекті мәселелерді біліп, оларды шешудің қыр-сырын түсіну қажет. Ол үшін кәсіби білімі бар, тәжірибелі персонал керек.
РКС: Әрине, қалың жұрттың көңілінен шығу оңай шаруа емес. Ол үшін билік пен халық арасын жалғайтын ашық диалогқа негізделген алтын көпір қажет. Қолға алынған жаңа жобаның мақсаты да сол. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұстана отырып, қоғам мен билік арасындағы ашық әрі тиімді диалогты дамытып, тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелерді дер кезінде шешу.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ