ДИКТОР: Бұланды ауданында 60-қа тарта отбасы баспаналы болды. Макинск қаласында «Реновация» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлердің құрылысы аяқталды. Осылайша, баспана кезегінде тұрған азаматтар қоныс тойын тойлады. Олардың қатарында әлеуметтік осал топ санатындағы және ескі үйлері апатты деп танылған тұрғындар бар.

РКС: Жақсыған Шерияздан Макинск қаласының тұрғыны. 20 жылдан астам осында тұрады. Оның баспанасы бұған дейін су басу қаупі жоғары аумақта орналасқан еді. Көктемде еріген қар суы үйіне кіріп, оны тұруға жарамсыз күйге түсірген. Ал бүгін ол аймақ басшысының қолынан көптен күткен, арманындағы жаңа, жарық әрі кең пәтерінің кілтіне ие болды.

СНХ: ЖАҚСЫҒАН ШЕРИЯЗДАН, МАКИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен бұрын Желтоқсан көшесіндегі ескі үйде тұрғанмын. Ол үй уақыт өте келе тозып, апатты жағдайға жеткен. Бүгін енді мен үшін ерекше қуанышты күн. Міне жайлы, кең әрі жылы жаңа пәтерге қол жеткіздім. Бұл менің көптен бері күткен арманым еді. Баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін.Жаңа баспанаға ие болған барша тұрғындарды қоныс тойымен құттықтаймын

РКС: Макинск қаласындағы тұрғын үй қорының басым бөлігі осыдан жарты ғасыр бұрын бой көтерген. Бүгінде бұл үйлерде шамамен 5 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Жаңадан тұрғызылған көпқабатты тұрғын үйлер тозығы жеткен, ескі баспаналарды жаңғыртуға бағытталған реновация бағдарламасының нәтижесі.

СНХ: ДӘУРЕН ҮСЕНОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: Осы үйлерді салдық. 60 пәтерлі, 4 кіреберістен тұратын бес қабатты тұрғын үй. Үй толық дайын күйінде, ішкі әрлеулері аяқталған. Төбесінің биіктігі 2,7 метр. Барлық сантехника толық орнатылған. Яғни бірден көшіп келуге болады. Біз құрылыс жұмыстарын былтыр шілде айында бастадық және желтоқсан айында аяқтадық. Биыл осы үйлердің айналасын толық абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде балаларға ойын алаңы да қарастырылған. Барлығы жайлы әрі қолайлы етіп жасалады.

РКС: Аймақ басшысы жақын арада көршілес үйде тағы 60 пәтердің кілті ірі кәсіпорын қызметкерлеріне берілетінін айтты. Айта кетейік, Макинсктегі ескі, тозығы жеткен үйлердің орнына жаңа шағын аудан бой көтермек. Сол аумақта тағы көпқабатты 2 тұрғын үй салынады. Ал қасына заманауи спорттық кешен жасақталады.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Әрбір бағдарлама арқасында жаңадан тұрғын үйлер салу, жерді реновациялау және сатып алу тәсілдері қарастырылған. Бұл үйлер кезекте тұрған мұқтаж топтарға беріледі. Осы бағдарламаларды әрі қарай жетілдіру жоспарланып отыр. Біз осы инновациялық тәсіл арқылы қоғамдағы халықтың нақты қажеттілігін көріп, оларға қолдау көрсетіп отырмыз. Бұл жұмыстар біздің Конституциямызға сәйкес, демократиялық, құқықтық және зайырлық принциптерді ұстанатын әлеуметтік мемлекеттің нақты көрінісі. Себебі аталмыш пәтерлер тегін беріліп, кейін оларды меншіктеріне толық ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Демек, әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж топтарға баспанаға қол жеткізуге толық мүмкіндік берілуде.

РКС: Реновация аясында тұрғын үйлер қалалармен қатар ауылды жерлерде де бірдей жоғары сапамен салынуда. Биылдан бастап жаңа пәтерлерге Қосшы қаласының, Бурабай, Сандықтау және Зеренді аудандарының тұрғындары көшті. Сондай ақ, жақын арада Аршалы ауданында 100 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталады,-дейді мамандар.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ,ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ