ДИКТОР: Қазақ поэзиясының «Хан тәңірі», ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай Көкшетаудағы қалалық қазақ кітапханасында «Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Жастар ақынның жалынды жырларын оқып, поэмаларынан сахналық қойылымдарын ұсынды.
РКС: Нарынқолдың Қарасазынан түлеп ұшқан қара бала кейін халық сүйіп оқитын ақынға айналатынын, өлеңдері жүректерді тербеп, сезім қылын шертетінін білді ме екен. Әділетсіздікке қасқая қарсы тұрып, шындық үшін шырылдаған жанның шерменде күй кешкені де көпшілікке мәлім. Тағдырдың тауқыметін талай тартқан лирик ақын өз заманында лайықты бағасын алмаса да, жыр сүйер қауымның ілтипатына бөленгені анық. Мұқағалидің өршіл жырларын жастар әлі де сүйіп оқиды.
СНХ: ЕВГЕНИЙ КЛЕВЦОВ, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы Мұқағали Мақатаевтыңөзім сүйіп оқитын «Үш бақытым» өлеңін оқып берсем.
СНХ ЕҢЛІК САЙЛАУ, УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Мұқағали Мақатаевты шындықты жырлаған ақын дейміз. Жастар жүрегінен ерекше орын алатын өзінің поэзиясымен, өлеңдерімен, поэмаларымен, жастар ішінде кеңінен танымал. «Үш бақытым» өлеңі, «Болашаққа арыз жазып кетейін» өлеңдері жастар жүрегіне жол табады.
РКС: Қысқа ғана ғұмырында бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған ақын аударма саласында да өнімді еңбектерін қалдырды. Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдері сазгер Нұрғиса Тілендиевтің әнімен халық арасына кең тарап, жүректерінен орын алды.
СНХ КӨГЕРШІН ЕСКЕНДІРОВА, УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Бұл біздің мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың рухына деген тағзым болса бір жағынан, екінші жағынан студенттер арасында, жалпы жастар арасында ақынның поэзиясын насихаттау, оның тәрбиеге толы, сезімге толы нәзік жырларын үйрету және болашаққа сәлем жолдап кеткен ақынды ешқашан халық жадынан өшірмеу.
РКС:Әдеби-сазды кеш барысында жастар Мұқағалидің жалынды жырларын жатқа айтып, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді қойды. Сондай-ақ ақынның үнтаспаға жазылып алынған дауысы тыңдалды. Кештің өн бойында Мақатаевтың жырлары уақытпен санаспайтын, мәңгілік мұра екені айтылды.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ