ДИКТОР: Ақмола облысында су тасқыны жағдайын бақылау енді жеңілдей түспек. Аймақ басшысы Марат Ахметжановтың тапсырмасымен "Біртұтас дрон инфрақұрылымы" жобасы жүзеге асырылды. Дрондардың көмегімен енді су тасқыны жағдайын жіті қадағалауға болады. Дрондар мәліметтерді жедел басқару орталығына нақты уақыт режимінде жіберіп, қауіпті жағдайларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік бермек.
РКС: Дрондар қауіпті деген 6 елдімекенге орнатылған. Атап айтқанда, Ескі Қалқұтан, Талапкер, Қоянды, Жібек жолы ауылдары мен Атбасар және Ақкөл қалаларында дрондардың ұшуы штаттық режимде жүргізілуде. Қазір Дамса ауылы мен Макинск қаласына орнату жұмыстары қолға алынды. Бұл өңірлерде қар шығару жұмыстары да қарқынды.
СНХ: МАҒЖАН ЕРЖАН, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жауапты органдармен бірлесіп 11 ауданда су басу қауіпі бар 18 нүкте анықталды. Әрбір учаске тұрақты бақылануға алынатын болады. "Бірыңғай дрон инфрақұрылымы" өткен жолы өзін жақсы көрсетті. Енді сол проект аясында мониторинг жүйесін кезең-кезеңімен енгізе бастадық. Жүйені толық іске қосу 25-ші ақпанға дейін жоспарланған.
РКС: Бұдан бөлек, "Tasqyn" ақпараттық жүйесі де іске қосылды. Ол су тасқынын болжауға мүмкіндік береді. Ақпараттар бірден Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабына беріледі. Ал, "Digital Aqmola" орталығы басқару үшін үйлестіру платформасы ретінде анықталды. Сондай-ақ, аймақ басшысы Марат Ахметжанов жиын барысында су жіберетін шлюздардың құрылысына жауапты мердігерлерге қатаң ескерту жасады.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Жұмыстарыңыздың нәтижесін осы су тасқыны кезінде белгілі болады. Мына жерде құқық қорғау органдары да отыр. Су ағып, жаңағыдай қамалдарыңыз бұзылып, шлюздарыңыз жарамсыз болып жатса қылмыстық іс бірден қозғалады. Жауап бересіздер! Әкімдер барлығын мұқият қараңдар.Егер биыл ауылдарды, үйлерді, мал, қора су басатын жағдайда болатын болса, өз бюджеттерінен төлейсіңдер. Алдын ала су бармайтындай, су баспайтындай, ауылдарға су кірмейтіндей, мүлік аман болатындай жағдай жасандар. Бір тиын берілмейді сендерге. Өйткені, бәлен миллиард ақша алдын ала бердік. Осындай су тасқынына қарсы, қар шығарсын деп.
РКС: Өңірде көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстар қыза түскен. Қазір бөгеттер нығайтылып жатыр. Сонымен қатар, өзен-көлдер тереңдетіліп, түбін қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды. Техникалардың да дайындығы жіті бақылауда.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ