ДИКТОР: Көкшетауда «Этноәлеуметтік қауіпсіздік: теория және тәжірибе» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында этносаралық келісімді нығайту, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу мәселелері талқыланды. Шараға кәсіби медиаторлар, қоғамдық бірлестік өкілдері мен студенттер қатысты.

РКС: Бүгінде елімізде 100-ден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында өзара құрмет пен татулықта өмір сүріп келеді. Дегенмен соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкинг мәселелері күн тәртібінен түспей тұр. Статистикаға сүйенсек, былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 24 дерек тіркелген. Мамандар, тұрмыстық жанжалдар кей жағдайда этникалық сипаттағы дау-дамайға ұласу мүмкін,-дейді. Демек, алаңдауға негіз бар. Осы ретте жиынға қатысушылар медиация институтының маңыздылығына тоқталды. Бүгінде аймақта 18 кәсіби медиатор бар. Олар отбасылық жанжалдар туындаған жағдайда заң талаптарын түсіндіріп, тараптардың өзара келісімге келуіне ықпал етеді. Мәселен, былтыр 3 мыңға жуық іс қаралса, оның тең жартысы ымыраға келу жолымен шешілген.

СНХ: ГҮЛНӘР МӘДИЕВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АҚМОЛА АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ МЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Біздің мақсатымыз- медиаторлардың осы біздің қоғамда этносаралық дауларды шешу. Статистикаға қарасақ, негізінен отбасыдан басталады. Отбасылық конфликт дейміз. Кейін этносаралыққа кетіп қалады. Бір-бірін жамандау, балағаттау соттасу. Сол кезде біздің кәсіби медиаторлардың мақсаты - осы дауларды шешу.

РКС: Жалпы, қатысушылар еліміздегі этносаралық ахуалды тұрақты деп бағалап отыр. Этникалық негіздегі қақтығыстарға нақты алғышарт та, себеп те жоқ. Ал қоғамдағы келісімді сақтауда қоғамдық ұйымдардың рөлі ерек,-дейді мамандар.

СНХ: ГЕРИХАН ЯНДИЕВ, «ВАЙНАХ» ШЕШЕН-ИНГУШ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Әлеуметтік қауіпсіздік – мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі. Қазақстан бұл бағытта институционалдық тетіктерді жүйелі түрде қалыптастырған мемлекеттердің қатарында. Ассамблея алаңында ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, медиация институты және этномәдени бірлестіктер тиімді жұмыс істеп келеді. Аталған құрылымдар қоғамдағы өзара сенім мен достықты нығайтуға, келісім мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосуда. Жалпы, менің тәжірибемде түп тамыры таза этникалық сипаттағы қақтығыстар кездескен жоқ. Бүгінде аймақтағы этносаралық ахуалды тұрақты деп толық сеніммен айтуға болады.

СНХ: ОЛЖАС МЕРҒАЗЕЗ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Этноәлеуметтік қауіпсіздік тақырыбы еліміз үшін өте маңызды деп ойлаймын. Себебі Қазақстан - көпұлтты мемлекет. Ал этностар арасындағы татулық - тұрақтылықтың негізгі кепілі. Мұндай кездесулер жастардың толерантты көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.

РКС: Шара барысында студенттерге тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, заң талаптары түсіндірілді. Жастар өз ойларымен бөлісіп, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ