ДИКТОР: 1944 жылдың 23-ші ақпанында шешендер мен ингуштарды Орта Азияға жаппай күштеп көшіру басталды. Біздің өңірде сол бір сүргінді, аштық пен ауыртпалықты бастан өткеріп, бірақ тілін, дінін және салт-дәстүрін сақтап қалған 10 мыңға жуық өкілі тұрады. Сондықтан 1944 жылдың ақпаны архивтік дата емес, аға буыннан кейінгі ұрпаққа беріліп келе жатқан отбасы тарихының бір бөлігі.
РКС: Сол жылы Ақмола облысына 30 мыңнан астам адам күштеп қоныс аударылды. Олардың қатарында ингуш, шешен, балқар және қарашайдың 7 мыңға жуық отбасы болды. Бір жыл ішінде 27 отбасы, яғни 1 мыңға жуық адам көз жұмды. Бұл оқиғалар туралы естелік депортацияға ұшырағандардың отбасында ешқашан ұмытылмақ емес.
СНХ: ГЕРИХАН ЯНДИЕВ, «АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ «ВАЙНАХ» ШЕШЕН-ИНГУШ ЭТНОМӘДЕНИ ҚОҒАМЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Мен 1959 жылы, депортациядан кейін 15 жыл өткен соң дүниеге келдім. Сондықтан ол кезеңнің естелігі бізге үнемі айтылып отыратын. Шешендерді күштеп көшіру ең қатыгез депортациялардың бірі болды. Ол ату жазасымен, адамдарды жоюмен қатар жүрді. Мысалы, Хайбах таулы ауылында шамамен 700 адамды тірідей өртеп жіберген.
РКС: Орта Азияға жету уақыты жиырма күнге созылды. Адамдар мал таситын вагондармен жеткізілген. Суық эшелон, сырқат және аштан бүрсең қаққан жандар жол бойы қиналып келген. Қазақстанға келген соң қоныс аударылғандар оқшауланды. Жергілікті халықты олардан сақ болуға шақырып, үрейлендіріп қойды. Алайда уақыт өте келе үрей өзара түсіністікке ұласты. 1932–1933 жылдардағы ашаршылықты бастан кешкен қазақ отбасылары соңғы нанын, сүтін, баспанасын ббірге бөлісті. Кей ауылдарда бір сиырды кезектесіп сауып, сүтін талғажау еткен.
СНХ: ГЕРИХАН ЯНДИЕВ, «АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ «ВАЙНАХ» ШЕШЕН-ИНГУШ ЭТНОМӘДЕНИ ҚОҒАМЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Олар осылай көмектесті. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақ халқы сұмдық ашаршылықты бастан өткерді, миллионнан астам адам қаза тапты. Сондай жағдайда өзіндегі бір үзімін бөліп беруге адам баласының шамасы жетпеуі де мүмкін еді. Бірақ олар көмектесті. Сондықтан біздің тарихи отанымызда да, осында да Қазақстанға үлкен сүйіспеншілік пен құрметіміз орасан. Қазақ халқына шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сол кезеңде бөліп берген нанның әр үзімі мен әр тамшы сүт сол адамдардың ұрпағын бақытқа кенелтсін. Ұрпағымен мың жасасын.
РКС: Осылайша Қазақстан мыңдаған шешен үшін екінші Отанға айналды, халықтар арасындағы достыққа сызат түскен жоқ. Тілін, дінін және дәстүрін сақтай отырып, депортацияланған халықтар қатаң сыннан өтті. 1944 жылғы 23 ақпан бүгінде тек қаза болғандарды еске алу күні ғана емес, сондай-ақ бейбітшілік пен келісімді сақтау, мұндай қасіреттің қайталануына жол бермеу қажеттігін еске салатын күн.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСИН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ