ДИКТОР: Соңғы кездері Көкшетауда білім алатын шетелдік студенттердің қатары көбейген. Қазір Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Бангладеш, Судан және Франция елінің жастары осында жоғары білім алып жатыр. Шетелдік талапкерлердің арасында медицина, техникалық және IT мамандықтарына сұраныс артқан. Шетелдік студенттер Ақмола облысының аумағындағы білім беру ортасына не себепті көбірек шоғырланған? Тілші баяндасын.
РКС: Шетелдік талапкерлер санының артуы ең алдымен қазақстандық білім беру сапасы көрсеткішінің жоғарылауымен байланысты болса керек. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті соның айқын айғағы. Қазір мұнда 400-ге жуық шетелдік студент біліп алып жатыр. Әлемнің әр түкпірінен келген жастар Көкшетау университетін сапалы академиялық базасы мен оқу бағдарламаларының өзектілігіне қарай таңдап отыр.
СНХ: РАХМАН ЗАИД УР, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНА МЕКТЕБІНІҢ СТУДЕНТІ (ПӘКІСТАН): Мен Пәкістан елінен келдім. Қазір Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде 5-ші курс студентімін. Өз елімде жүргенде жақсы білім ордасын іздедім. Содан соң осы университеті жайлы біліп, көрсеткішінің жоғары екенін байқадым. Сондықтан, сапалы білім алу үшін дәл осы оқу орнына түсемін деп шештім. Келген кезде оқытушылар құрамына қатты таң қалдым. Олар жоғары білікті мамандар, ал университеттің білім беру жүйесі заманауи.
РКС: Шетелдік топтарға арналған білім беру процесі халықаралық стандарттарға бейімделген. Тілге де ерекше басымдық берілген. Сондықтан, барлық сабақ ағылшын тілінде жүргізіледі. Дәстүрлі дәрістерден бөлек, интерактивті форматтарға да баса назар аударылған. Ал, шағын топтарда оқытушылар студенттермен жеке жұмыс жүргізеді. Презентацияларды пайдалану, бірлескен мәселелерді шешу үшін оқытушылар студенттердің қандай қиындықтарға тап болып жатқанын анықтай алады және білімдегі кез келген олқылықтарды жоюға мүмкіндік беруде.
СНХ: АСЛАН САЛМҰХАМЕТОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНА МЕКТЕБІ КАФЕДРАСЫНЫҢ АССИСТЕНТІ: Шетелдік студенттермен жұмыс эдвайзерлік форматта өтеді. Егер бір нәрсе түсінікті болмаса немесе өзекті сұрақтар туындап жатса, онда оларға кураторлар көмектеседі. Студенттер арасында жиі сауалнамалар мен жеке талқылаулар ұйымдастырылады. Мұның бәрі жүйені біршама жеңілдету үшін жасалып отырған қадам.
РКС: Шетелдік жастар университеттің әлеуметтік және мәдени өміріне белсене қатысып, біртұтас студенттік қауымдастықтың ажырамас бөлігіне айналды. Ал, практикалық дайындық олардың білімінің маңызды кезеңі болып қала бермек. Медицина бағытын таңдаған болашақ мамандар алған білімдерін өмірде қолданып жүр. Сабақтар облыс орталығындағы медициналық ұйымдарда өтеді. Университет қабырғасында жоғары технологиялық жабдықтар да бар.
СНХ: ЮРИЙ ЛИСИЦЫН, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Шетелдік студенттер жергілікті білім алушылармен қатар клиникалық тәжірибе базасында тағылымдамадан өтеді. Үндістан елінен келген студентіміз білімін жалғастыру үшін биыл осында интернатураға қалды. Болашақта Қазақстанда қалуды жоспарлап отыр.
РКС: Оқу орнының түлектері өз біліктілігін растауға және кәсіби қызметін тек өз Отанында ғана емес, сонымен қатар Еуропа мен Америка елдерінде жалғастыруға құқылы.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ