ДИКТОР: Қаржы мониторингі агенттігі Ақмола облысы бойынша департаменті агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне берілетін мемлекеттік субсидияларды жымқыру ісіне қатысты тергеу жүргізді. Аталған іске қатысты Көкшетауда сот үкімі шықты. Жарқайың ауданына қарасты «МолПродЖаркаин» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы екі жыл бойы сүт және оны терең өңдеу өнімдерінің өндірісін арзандатуға арналған субсидияларды заңсыз алып келген. «Рассвет» шаруа қожалығында мәлімделген көлемде сүт өндіретін мал басы жеткіліксіз болған. Соған қарамастан электронды шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде «МолПродЖаркаин» кооперативіне 3 млн. келіден астам шикі сүт жеткізілгені туралы жалған құжаттар рәсімделген. Оның негізінде сүтті сары май мен қатты ірімшікке өңдеуге қатысты есептер жасалып, уәкілетті орган өтінімдерді мақұлдағаннан кейін қаражат кәсіпорынның есепшотына аударылған. Мемлекетке 152 миллион теңгеден астам залал келтірген.
СНХ: ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГІ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Бұдан бөлек, алынған субсидиялардың бір бөлігі жасыру мақсатында Ефимкинаның туысының депозиттік шотына аударылған. Кейін бұл қаражатқа жалға беріліп, табыс табу үшін пайдаланылған мобильді ғимарат сатып алынған. Тергеу барысында 6 жер учаскесіне, 4 пәтерге, 11 автокөлікке, мобильді ғимаратқа және өндірістік нысанға тыйым салынды. Сот үкімімен А.В. Маслов мен А.С. Ефимкина 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Мобильді ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді. Қалған мүлікке салынған тыйым азаматтық талап толық орындалғанға дейін сақталады. Үкім заңды күшіне енді.