ДИКТОР: Парламент Мәжіліснің депутаты Айна Мүсірәлімова жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында Бұланды ауданының тұрғындарымен кездесті. Басқосуда депутат ұсынылып отырған бастамалардың елдің дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Кездесуден соң халық қалаулысы аудан аумағындағы бірқатар нысанда атқырылып жатқан жұмыстың барысымен танысты.

РКС:Жаңа Конституция ел тарихында айырықша маңызды құжатқа айналмақ. Бұл мемлекеттіліктің жаңа белесіне бастайтын, болашақ бағдарды айқындайтын маңызды қадам. Бүгінде қазақстандықтар алдағы референдумға тыңғылықты дайындалып, жаңа Конституция жобасын жан-жақты әрі қызу талқылауда. Ашық форматта, еркін пікір алмасу алаңына айналған жиында қоғамды толғандырған өзекті мәселелер көтеріліп, жаңа өзгерістердің мән-маңызы кеңінен түсіндірілді.

СНХ: НАЗГҮЛ ТЕҢСЕЛ, БАЛУАН ШОЛАҚ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Әрине Конституция бұл ҚР-ның негізгі заңы. Ондағы болып жатқан өзгерістер кез-келген адамның қағидатына, өміріне үлкен өзгерістер әкеледі деп сенемін. Конституцияны осыған дейін біз талдап жатырмыз. Бұл Конституциядағы өзгерісті мен өзім қолдаймын.

СНХ: НҰРБЕК СЕКСЕНОВ, БҰЛАНДЫ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бүгінгі күні ірі кәсіп орындарында Макинск птица фабрикасы бар, МЗТИ зауыты, ХПП «Арна» өндірістерінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан кейін мектептерде және халық арсында айтылып, түсіндіріліп жатыр.

РКС:Мәжіліс депутаты жұмыс сапары аясында ірі өндіріс ошағының бірі «Макинск жылу оқшаулау» зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Қуаттылығы жағынан алдыңғы қатардағы кәсіпорын жылына 34 мың тоннаға дейін дайын өнім өндіреді. Заманауи технологиялармен толық жабдықталған зауыт отандық өнім сапасымен ерекшеленіп, әлемдік нарықта өз орнын нықтай түскен. Десе де, кәсіпорында мәселе де жоқ емес.

СНХ:НИКИТА ЗАХАРЕНКО, «МАКИНСК ЖЫЛУ ОҚШАУЛАУ ЗАУЫТЫ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ: Кәсіпорында кадр тапшылығы мәселесі өзекті. Әсіресе жұмысшы мамандар жетіспейді. Токарьлар, слесарьлар, механиктер, электромонтерлерге сұраныс жоғары. Сондай-ақ, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика саласының мамандары да тапшы.

РКС: Одан соң Айна Мүсірәлімова Қараөзек ауылының тұрғындарымен кездесті. Бірнеше жыл бұрын кездесу өтіп жатқан мектептің жағдайы мүшкіл болса, қазір мұнда жаңа үш кабинет ашылып, толықтай жаңартылған түрде пайдалануға берілген. Елдімекен тұрғындары Мәжіліс депутатына ауылдың ахуалына қатысты өз ойларын ашық әрі еркін түрде жеткізіп, жаңа Конституцияны қолдайтындарын жеткізді.

РКС:НҰРЛЫҒАЙЫН САҒИЕВА, ҚАРАӨЗЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бұл жарқын болашаққа қадам. Не керек ауылға? Жолымыз бар, суымыз бар. Мектеп керек, мектепте бар. Мектебімізге биыл күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Және медицина, денсаулық сақтау. ФАП ол да бар. Сондықтан бізге тек елге деп жұмыс істеу ғана қалды.

РКС: Халық қалаулысы тұрғындардың әр пікірін тыңдап, көтерілген мәселелердің оң шемімін табуына қатысты жүйелі жұмыс жүргізілетінін атап өтті.

СНХ: АЙНА МҮСІРӘЛІМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Тұрғындарды ең алдымен әлеуметтік мәселелер алаңдатады. Инфляция, азық-түліктің, нан бағасының қымбаттауы, кадр тапшылығына қатысты өзекті мәселелер жиі көтеріліп жатады. Жалпы, халықты толғандыратын сұрақ көп. Пікірлердің әр алуан болуы қалыпты құбылыс деп есептеймін. Біздің қоғам алуан түрлі, сондықтан әр азамат өз ой-пікірін білдіруіне құқығы бар. Пікірталас барысында ортақ, әділ шешімге келуге мүмкіндік туады. Ең бастысы дауыс берер алдында қабылданатын заңның мәнін, мағынасын дұрыс түсініп, саналы түрде таңдау жасау.

РКС: Алдағы өтетін референдум тек Ата заңның өзгеруі ғана емес, бұл қоғам мен елдің болашағын айқындайтын маңызды қадам. Әр қазақстандық саналы түрде дауыс беріп, дұрыс шешім қабылдайтыны хақ. Өйткені, бұл референдум - еліміздің дамуы мен азаматтардың құқықтарын қорғаудағы тарихи сәт.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ