ДИКТОР: 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды дайындау мен өткізуге қатысты аумақтық референдум комиссиясының мүшелеріне арналған семинар өтті. Шара барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова қатысушыларға референдум өткізу процесінде учаскелерді талапқа сай жабдықтау, заң талаптарының қатаң сақталуы, дауыс беруді ұйымдастыру мен өткізудің негізгі қағидаттары туралы жан-жақты түсіндірді.
РКС: Көкшетауда референдумға дайындық қарқынды. Қала аумағында 79 учаске жұмыс істейді. Қалалық комиссия құрамында 7 адам бар. Ал жалпы дайындыққа 651 учаскелік комиссия мүшесі тартылған. Барлық учаске бойынша комиссия мүшелері, төрағалар, орынбасарлар мен хатшылар заңнамалық тестілеуден сәтті өтті. Қалғандары тестілеуге 2 наурыздан бастап қатысады. Сонымен қатар, барлық қатысушы үшін офлайн және онлайн оқытулар ұйымдастырылуда. Дауыс беру орындары 7 наурызға дейін толық дайын болуы қамтамасыз етіледі.
СНХ: ӘСЕЛ ЖАНӘБІЛОВА, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Оқыту бізде каскадтық әдіспен жүргізіледі. Ақпанның 12-сі өткен алғашқы отырыста оқыту шараларының жоспары бекітілді. Ал 18 –ші ақпанда аумақтық референдум комиссияларының барлық мүшесі, яғни 821 адам онлайн форматта оқытудан өтті. Енді осы аумақтық комиссиялар сіздерді, яғни учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін, каскадтық әдіспен оқытады. Өйткені референдумның ашық, әділ және заң талаптарына сай өтуі, сондай-ақ азаматтардың осы науқанға деген сенімі тікелей учаскелік комиссиялардың жұмысына байланысты.
ГРАФИКА МӘТІНІ: Көкшетауда өтетін референдумға 138 836 азамат дауыс беруге құқылы. Олардың 34 мыңнан астамы кәсіпкерлік саланың, 27 мыңға жуығы бюджеттік ұйым қызметкері, 28 мыңнан астамы зейнеткер және 4,5 мыңы студент. Сонымен қатар, 3 мыңнан астам адам бірінші рет дауыс береді. Сондай-ақ, ерекше көңіл бөлуді қажет ететін 709 азамат бар: 160-ы мүгедек арбасына таңылған, 261-і көру қабілеті шектеулі, ал 287-сінің есту қабілеті төмен. Дауыс беру күні 9 сурдоаудармашы жұмыс істейді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдайтын 5 автокөлік қарастырылған.
ГРАФИКА:
ДАУЫС БЕРУГЕ ҚҰҚЫЛЫ АЗАМАТТАР: 138 836 адам
• 34 мыңнан астамы – кәсіпкерлер
• 27 мыңға жуықы - бюджеттік ұйым қызметкерлері
• 28 737 – зейнеткерлер
• 4 500 – студенттер
• 3 165 - бірінші рет дауыс беретін жастар
АРНАЙЫ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР АЗАМАТТАР: 709 адам
• 160 - мүгедектер арбасына таңылғандар
• 261 - көру қабілеті шектеулі
• 287 - есту қабілеті нашар
ДАУЫС БЕРУ КҮНІ:
• 9 сурдоаудармашы маманы
• 5 арнайы көлік
• Учаскелер қолжетімді
РКС: Референдумға дайындық аясында қатысушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Семинарда дауыс беруге құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмыс, оларды жаңарту мен алгоритмі түсіндірілді. Сонымен қатар, құжаттарды дұрыс рәсімдеу, есеп жүргізу, мүгедектер үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері қаралды. Қатысушылар тәжірибелік сұрақтар қойып, нақты мысалдар арқылы практикалық ұсыныстар алды. Бұл семинар комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған.
СНХ: АРДАҚ АХМЕТЖАНОВА, КӨКШЕТАУДАҒЫ №15 РЕФЕРЕНДУМ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Өте тәжірибе жағынан ауқымды және нәтижелі семинар болды. Себебі өте жақсы ұйымдастырылған сол референдум өтетін күнді симулятор ретінде бізге көрсетті. Нақты қалай қарсы алу керек дауыс берушілерді, қалай толтыру керек журналдарды, кейбір келеңсіз жағдайлар болғанда өзіңді қалай ұстау керек деген сияқты осындай оқу жаттығулар өтті. Өте жақсы ұйымдастырылған семинар. Осы комиссияның жаңа мүшелеріне де, тәжірибесі бар комиссия мүшелеріне де өте тиімді семинар болды
РКС: Сондай-ақ, қатысушылар азаматтарды ақпараттандыру мәселелеріне тоқталып, учаскелік комиссиялар референдумға дейін он күннен кешіктірмей дауыс беру күні, уақыты, орны және тәртібі туралы мәліметтерді жеткізетінін атап өтті. Қазір ақпараттық жұмыс әртүрлі форматта жүргізілуде. 12 LED-экран мен теледидарда бейнематериалдар, супермаркеттерде, сауда автоматтары мен 20 спорт нысанында, қоғамдық көліктердегі аудиороликтерде, сондай-ақ 15 ақпараттық орын мен QR-коды бар шақыру қағаздары қолданылуда.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ