ДИКТОР:Бұланды ауданының аумағы су тасқыны қаупі жоғары аймақта тұр. Көктемде арнасынан асуы мүмкін 4 өзен бар. Төтенше жағдай орын алса 11 елдімекенді су басып кетуі ықтимал. Көктемгі кезеңге дайындық жұмыстары қазір аяқталуға жақын. Бұл жөнінде аймақ басшысы Марат Ахметжановқа Макинск қаласында өткен жиында баяндалды. Алдағы жүргізілетін шаралар мен жұмыстар жөнінде тілші айтсын.

РКС: Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смайылов су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шаралардың басым бөлігі орындалғанын баяндады. Прохоров–Колоколов бөгетіне күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Ол жергілікті биліктің қатаң бақылауында. Ал, Иванково бөгеті толық жұмыс істеп тұр. Мердігер ұйым оны қайта жаңғырту жұмыстарына кірісті.

СНХ: АРДАҚ СМАЙЫЛОВ БҰЛАНДЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Біз ол жерге бірнеше рет бардық. Ескертулеріміз де назарға алынды. Олар жасап жатқан айналма каналдың тар екенін тәжірибелі маман ретінде айттық. Оны кеңейту қажет деп есептейміз. Себебі ірі мұз кесектері келеді де, айналма каналды бітеп тастайды. Бұл ескертулеріміз ескеріліп, қазір аталған айналма канал кеңейтіліп жатыр. Мұз арнаны бітеп қалмауы үшін осындай шара қабылдануда. Атқарылып жатқан жұмысты біз бақылауда ұстап отырмыз

РКС: Аудан бойынша төтенше жағдайға әрекет етуге жеке құрамның 90 адамы жұмылдырылмақ. Сонымен бірге арнайы және сорғы техникасы дайын тұр. Халықты уақытша орналастыру пункттері жабдықталды. Инертті материалдар мен жанар-жағар май қоры жасақталды. Бірақ, аймақ басшысы былтыр бұландылықтардың жедел штабтың жұмысы мен арыз-шағымдарға мамандардың әрекетіне көңілі толмағандарын еске салды. Марат Ахметжанов гидробекеттердің қауіпті учаскелерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды. Жалпы алғанда жергілікті билік жұмысты жеделдетуі тиіс. Күннің жылынуына көп уақыт қалған жоқ.

СНХ: МАРАТ ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ, АУМАҚТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мұзды жару жұмыстары өзен бассейндері арқылы қар суын қауіпсіз өткізудің тиімді шарасы. Бірақ, күні бүгінге дейін Бұланды ауданының аумағында бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйым анықталған жоқ. Бұл мақсатқа аудандық және облыстық бюджеттен қажетті қаржының бәрі бөлінді. Аудан әкімдігі бұл жұмысты жеделдетуі тиіс. Жарылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі наурыздың 10-ы мен 15-нен кешіктірілмей өткізілуі қажет екенін айта кеткім келеді.

РКС: Елдімекендер үшін еріген қар суы асқан қауіп төндіреді,-деп атап өтті кеңеске қатысушылар. Жыл сайын одан аудан орталығы да орасан зардап шегіп отыр. Соңғы 3 жылда шаһарда 60-тан астам үйді су басқан. Ең алдымен Макинск қаласында арық-арна жүйесінің жоқтығына байланысты. Тағы бір себебі – қар шығару жұмысының тиісті деңгейде жүргізілмеуінен,-дейді мамандар. Биыл ауданда бұл жұмыстарды өткізуге қаржыландыру көзі екі есеге ұлғайтылды. 50 миллион теңге бөлінген.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл жұмысты еш ескертусіз уақытылы атқару қажет. Қар шығару жұмысы нәтижелі болуы тиіс. Әкімдер қатаң бақылауда ұстауы керек. Елдімекендерді дұрыстап зерттеу қажет. Қай жерге көбірек қаржы бағыттау керек, соны байқап, жағдайға қарай батыл шешім қабылдаңыздар. Әкімдер осы жердің жағдайын білесіздер, әр тиынды тиімді пайдалану қажет. Конкурстық жұмыстарға қатысты тапсырма беремін. Үш күннің ішінде бұрғылау-жару жұмыстарын кім жүргізетіні туралы ақпарат беріңіздер.

РКС: Аймақ басшысы халықты су тасқынынан қорғау үшін аумақтың шекарасына қарамастан жұмысты жүргізу қажеттігін атап өтті. Ең бастысы – азаматтар мен олардың мүлкінің қауіпсіздігі. Ол үшін жауапты органдарға барлық жобаның орындалуын қатаң бақылау тапсырылды. Бұдан бөлек, кеңесте ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестиция тарту мәселесі қаралды. Биыл майлы дақылдарды қайта өңдеудің тиімділігін арттыратын ұсақтау-суыру бөлімшесінің құрылысы аяқталады. Аймақ басшысы аудан әкіміне шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесімен айналысуды және жыл соңына дейін жоспарланған барлық әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаны аяқтауды тапсырды.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ