ДИКТОР: Әбдірахман Әбдірашитов қазақ жеңіл атлетикасының дамуына зор үлес қосқан танымал спортшы, ұлттық спорт тарихында өзіндік орны бар тұлға. Күні кеше қазақ спортының көрнекті өкілі, жеңіл атлетика саласының ардагері Әбдірахман Әбдірашитов 90-ға келді. Мерейтой иесін шәкірттері, өзі еңбек еткен оқу орнының басшылығы, әріптестері құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
РКС: Әбдірахман Әбдірашитов спортқа жастайынан қызығып, табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында биік белестерді бағындырды. Ол бар тәжірибесін жас буынға арнап, көптеген чемпионды тәрбиеледі. Зейнет жасына дейін өзі еңбек еткен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мерейтой иесін арнайы медальмен марапаттады.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ӘБДІРАХМАН ӘБДІРАШИТОВ, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН СПОРТ АРДАГЕРІ: 1955 жылы Алматыдағы дене шынықтыру институтына оқуға түсіп, 1959 жылы бітірдім. Оқуды аяқтаған соң Щучинск қаласына келіп, мектеп-интернатқа жұмысқа орналастым. 1962 жылы педагогикалық институт ашылып, сонда жұмысқа шақырды. Ол жерде 40 жыл еңбек еттім. 2003 жылы зейнетке шықтым. Қазір бос уақыт көп, зерігіп кетем. Бұрын таңғы сегізден кешкі сегізге дейін тынымсыз жұмыс істейтінмін. жаттығулар, жарыстарға сапарлайтынмын. Сонымен қатар балалар спорт мектебінде де жұмысты қатар алып жүрдім.
РКС: Әбдірахман Бәриұлының жеті шәкірті жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының құрама командасына енген. Екі спортшы Кеңес Одағы халықтарының спартакиадасына, тағы бірнешеуі Кеңес Одағының кросс бойынша біріншілігіне қатысты. Спорт ардагері көптеген жас спортшылардың қалыптасуына ықпал етіп, жеңіл атлетиканың дамуына үлес қосты. Оның шәкірті Любовь Апаликова 1984 жылы Америкада өткен Жазғы Олимпиадаға қатысуға қабылданған.
СНХ: ВАСИЛИЙ ЧУЙКОВ, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Шамамен 50 жылдай бірге жұмыс істедік. Осы уақыт ішінде мен Әбдірахман Бәриұлынан көп нәрсе үйрендім. Оның еңбекқорлығына тәнтімін. Институтта тек сабақ өткізіп қана қоймай, жаттығу жұмыстарын да жоғары деңгейде ұйымдастыра білуі – бізге үлкен үлгі болды. Жаттығу өткізетін орын жағынан қиындықтар көп еді: арнайы манеж жоқ, тек педагогикалық институттың спорт залы ғана болды. Соған қарамастан, Әбдірахман Бәриұлы жоғары деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеп шығарды. Оның шәкірттері республикалық жарыстар мен чемпионаттардың жеңімпаздары және жүлдегерлері атанды.
РКС: Тоқсан жылдық ғұмыр – тағылымға толы өмір. Әбдірахман Әбдірашитовтың есімі қазақ спорты тарихында құрметпен аталады. Оның спортқа сіңірген еңбегі – кейінгі ұрпаққа үлгі, жастарды жігерлендіретін өнеге. Осындай тұлғалардың өмір жолы – ел рухын көтеретін, спортқа деген сүйіспеншілікті арттыратын құндылық.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ