ДИКТОР: Соңғы кездері мемлекеттік қызметке ынталы жастардың қатары көбейіп отыр. Мониторинг қорытындысы бойынша, облыстың мемлекеттік органдарының кадрлық құрамында жас мамандардың үлесі басым. Бүгінде қызметкерлердің 28 проценті 35 жасқа дейінгі жастар. Мемлекеттің жүйелі саясатының арқасында жас мамандардың қатары артып отыр.

РКС: Сот отырысының залдарындағы үнсіздік - сирек кездесетін жағдай. Бұл жерде адамның тағдыры шешіледі. Кез келген техникалық немесе заңдық тұрғыдағы қателіктің құны жоғары. Әйгерім Дүйсенбекова соңғы екі жыл Көкшетау қалалық сотының бас маманы, әрі сот отырысының хатшысы. Тәжірибесінің аздығына қарамастан, Әйгерім бірқатар сот процесіне қатысып үлгерді. Жас маман тәжірибе жылдармен емес, орындалған жұмыстың сапасымен өлшенеді деп санайды.

СНХ: ӘЙГЕРІМ ДҮЙСЕНБЕКОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Бала кезімнен азаматтардың құқықтарын қорғап, алдыңғы қатардан көрінгім келетін. Өйткені, дәл осы жерде құқық теориядан шындыққа айналады. Таңертең келіп, хаттарды тексеремін. Одан соң келісім-шарттардың, қаулылардың күшіне енуі туралы өкімдер жіберіледі. Сот отырысына дайындаламын. Қызықтың бәрі осы жерде орын алып жатады. Әрине, эмоционалды тұрғыдан қиын болуы мүмкін. Бірақ жұмыс пен жеке өмірді бір-бірінен ажырата білу керек. Бұл жерде мен маманмын. Менің ойымша, мемлекеттік қызметке адамдарды, құқық пен заңды жақсы көретіндер ғана келуі қажет. Өйткені, бұл сала тез шаршатып жіберуі мүмкін.

РКС: Мемлекеттік аппаратты реформалау аясында жас мамандардың жұмысқа тұруы үшін жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Мемлекеттік тапсырыспен жоғары оқу орнын аяқтаған түлектер аймақта конкурстық іріктеусіз тағайындалуға құқылы. Бұл норма Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің грантпен оқып бітірген түлектері арасында белсенді түрде қолданылуда. Білім алушының оқу жетістіктері деңгейінің орташа өлшемді бағасы 3,33 болса, ол оқу орнын аяқтағаннан кейін бір жыл бойы лауазымды атқара алады. Дәл осындай бастаманы жүзеге асырудың жарқын үлгісі ретінде Жанна Мұратованы айтуға болады. Ол қылмыстық іс жүргізу кеңсесінде екінші жыл қатарынан бас маман болып еңбек етіп жатыр.

СНХ: ЖАННА МҰРАТОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Менің жұмысым сот актілерін орындау, істерді бақылаумен тығыз байланысты. Сот жүйесінің дамуына әділеттілік пен азаматтар сенімінің артуы көп ықпал етеді. Бізде тапсырмалар апта сайын, тіпті күн сайын уақытылы, әрі қатесіз орындалуы керек. Ең алдымен сот жүйесі құқықтық мемлекеттің маңызды элементі. Сондықтан, мұнда жұмыс істеу үлкен мәртебе және құрмет. Егер өзім сияқты жас буын алдына мақсат қойса, соның түбіне жеткенше талмай еңбектену керек. Ең бастысы табандылық қажет. Бастысы тұрақтылық болуы шарт.

РКС: Президенттік жастар кадр резерві республикалық деңгейдегі басшылық лауазымдарға қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Жоғары оқу орындарымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандумдардың аясында облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері мен Ашық есік күндерін жиі ұйымдастырып тұрады. Сондай-ақ, өңірде кадрларды іздеу мен даярлау жөніндегі "Мемлекеттік қызметшілер мектебі" және аймақтық кадр резерві сынды жүйелі жобалар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі мемлекеттік аппаратты сапалы жаңартуды қамтамасыз етеді.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, КАРИНА СҮЛЕЙМЕНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ