ДИКТОР: Степногорск қаласында «Таза Қазақстан» кең ауқымды республикалық акциясын жүзеге асыру аясында зияткерлік квиз ұйымдастырылды. Шара барысында экологиялық құндылықтар кеңінен насихатталды. Квизге қатысқан үш команда қызықты ойын көрсетіп, білімдері мен тапқырлықтарын сынады. Байқау қорытындысы қандай? Шараға қатысып келген тілші баяндасын.
РКС: «Таза Қазақстан – болашақтың өскіні» атты экологиялық сайысқа Бөгенбай батыр атындағы облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, «Мақсат» колледжі және Степногорск жоғары колледжі қатысты. Шара жастардың экологиялық ойлауын қалыптастыруға және табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауды тәрбиелеуге бағытталды.
СНХ: ДАРХАН ОСПАНОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтіп жатыр. Бұл іс-шара жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен қамқорлық сезімін қалыптастыруға бағытталған.
РКС: Ұйымдастырушылар мұндай шаралар тұрақты түрде өткізілетінін айтады. Мұндай формат командалық жұмысты, экологиялық сауаттылықты және белсенді азаматтық көзқарасты дамытуға ықпал етпек.
СНХ: ЗАРИНА СӘЛІМОВА, «ЖАҢА ҰРПАҚ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Қазір жасап жатқан әрекеттеріміздің бәрі болашақта біздің ұрпаққа тиесілі болып қалары сөзсіз. Сол себепті мұндай шараларды мүмкіндігінше жиі ұйымдастыру қажет. Командалар төрт кезеңде жарысады. Міндетті түрде жеңімпаздар анықталады. Менің ойымша, қатысушылар жеткілікті деңгейде білім мен тәжірибе алады.
РКС: Ойынның алғашқы кезеңінде қатысушылар еліміздің экологиясы мен табиғатына қатысты сауалдарға жауап берді. Екінші кезеңде студенттер қоқысты контейнерлерге сұрыптауға байланысты практикалық тапсырманы орындады. Ойынның үшінші кезеңінде Семей полигонының салдары мен Арал теңізінің мәселесі, экологиялық заңдарға қатысты сауалдар көтерілген зияткерлік викторина ұйымдастырылды. Соңғы айналымда командалар экологиялық мәселені шешудің жеке жолдарын ұсынып, өз көзқарастарын дәлелдеді.
СНХ: ДМИТРИЙ ФОРГОВ, СТЕПНОГОРСК ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Мұндай шаралар өткізілуі керек деп есептеймін. Көпшілікке экология мәселесі өзекті екенін жеткізу қажет. Экология ел экономикасын құлдырататыны туралы мысалдар өте көп. Сондықтан осындай шаралар болуы шарт, бұл өте дұрыс. Оған қатысқаныма өте қуаныштымын.
РКС: Шара экологиялық акцияға ұласты. «Болашақтың өскіні» жобасы аясында ағаш көшеті отырғызылды. Квиз қорытындысы бойынша олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі үшінші орынды еншіледі. «Мақсат» колледжі күміс жүлдегер атанса, жоғары колледждің студенттері жеңімпаз деп танылды. Барлық қатысушы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ , ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ