ДИКТОР: Ақмола облысы аграрлы аймақ. Еліміз бойынша өндірілетін астықтың үштен бір бөлігі біздің өңірге тиесілі. Қазір алдағы көктемгі егіс науқанына дайындық қарқын алған. Биылда жоспарға сәйкес 5,5 млн.гектар алқапқа дәнді-дақыл сіңіріледі деген болжам бар. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың барысы туралы баяндай келе, саладағы бірқатар өзекті мәселелерге де тоқталды. Тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.

РКС: Көктемгі егіс науқанын ойдағыдай атқару үшін тұқым қоры жеткілікті. 540 мың тоннаға жуық тұқым дайын тұр. Оның 200 мың тоннасы сапа тексерісінен өтті. Шаруашылықтар жыл озған сайын тұқым материалдарын жаңартуды қолға алуда. Облыс аумағында тұқым өндіретін 36 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар 50 мың тоннаға жуық жоғары сапалы тұқымды сатылымға шығарып отыр.

СНХ: НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін үкімет тарапынан 76 мың тонна жанар-жағармай дизель отыны бөлініп отыр. Негізгі Энергетика Министрлігінен жанар-жағармайдың босату бағасы белгіленуде. Осы аптада отынның бағасы белгіленгеннен кейін біздер ары қарай тиісте операторларды анықтау жөнінде агроқұрылымдармен жұмысты жүргізетін боламыз. Бұл 76 мың тонна көлемінде дизель отыны 5 млн 500 мың гектар алқапты көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге толық жеткілікті.

РКС: Қазір ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен өтінімдер «gosagro.kz» платформасы арқылы электронды түрде қабылдануда. Егістік алқаптарды зиянкестер мен арамшөптерден қорғау мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. 133 мың гектардан астам алқапқа химиялық өңдеу жүргізілмек. Оған 20 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталып отыр. Қазір мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталуға жақын.

СНХ: НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл өткен жылмен салыстырған кезде 2/2 көлемінде қаржы көлемі артып отыр. Яғни шаруалар өз егістіктерін арамшөптерден, тағы да басқа зиянкестерден қорғау мақсатында пайдаланылған пестециттердің 50%-ін мемлекет тарапынан субсидияланады. Тыңайтқыштарды енгізуге ерекше назар аударылып отыр. Өткен жылы облыста 336 мың тонна тыңайтқыш енгізілді. Бұл соңғы үш жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты. Биылғы жылғы минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі 403 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

РКС: Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуде ауыл шаруашылығы техникасымен жарақтандыру маңызды. Былтыр облыстың шаруалары 67,2 миллиард теңгеге 1800-ге жуық түрлі техника сатып алды. Жыл басталғалы бері «Қазагроқаржы» желісі бойынша ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу шарасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған желі биыл 300 миллиард теңге бөліп отыр. Жаңа техникадан бөлек, көктемгі егіс науқанына қолданыстағы арнайы машиналарды жөндеу жұмыстары қатар жүргізілуде. Сонымен қатар қазір «Кең дала-2» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдетілген несиелеу жұмыстары жалғасуда. Күні бүгінге дейін 120-ға жуық ауыл шаруашылығы құрылымы 13 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Осы айдан өткен кезең үшін шаруаларға субсидия төлеу жұмыстары басталады. Оның сомасы 86 миллиард теңгеге жуық. Көктемгі егіс жұмыстарын дайындық мәселесі облыс әкімінің ерекше бақылауында.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ