ДИКТОР: Көкшетау қаласының билігі шаһарды көктемгі су тасқынынан қауіпсіз өтуге дайындап жатыр. Жергілікті билік теміржолшылар саяжайы маңында Шағалалы өзенінің арнасын тазартты. Красный Ярға баратын жолдың арғы бетіне үлкен су өткізгіш құрылғы орнатылды. Қалалық әкімшілікте өткен кеңесте су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Бұдан бөлек, қаңғыбас иттерді аулау мәселесі де жиында көтерілді. Бұл шаралар қалай ұйымдастырылып жатыр? Қала әкімі Әнуар Күмпекеев жауаптыларға қандай тапсырмалар жүктеді? Тілші баяндасын.

РКС: Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес Көкшетауда қараша мен қаңтар аралығында жауған қар жылдық орташа көрсеткіштен асып түскен. Сондықтан билік көктемгі су тасқынына дайындықты ерте бастап кетті. Төтенше жағдайлар басқармасы шаһардағы су тасқынына қарсы шараға жеке құрамның 226 қызметкері мен арнайы 18 техника жұмылдырмақ. Төтенше жағдай орын алса, жергілікті атқарушы органдардан қосымша 150 қызметкер және осынша көлік көмекке клемек.

СНХ: БАУЫРЖАН ЖОЛДАСОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Ақмола облысында биылғы су тасқынына дайындық жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес Көкшетау қаласы бойынша жоспарланған іс-шаралар толық орындалды. Барлық күш пен құралдар тексерілді. Ақаулары жөнделіп, қазір пайдалануға дайын тұр. Техника мен сорғылар сынақтан өтті. Олар жауынгерлік әзірлікте және резервте тұр.

РКС: Ақпан айының соңына дейін құтқарушылар тағы 29 су сорғысын алады. Облыс орталығы су тасқынының алдын алуға тиісті шараларды ертерек қабылдап жатыр. Су тасқынына қарсы шараларды өткізуге бюджеттен 50 миллион теңге бөлінді. Мердігер анықталды. Қазір серіктестік су тасқыны қаупі бар аумақтардан қарды уақытылы шығарып жатыр.

СНХ: ЕРБОЛАТ СЕРІКПАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Мердігер ұйым «Building Stroy Company» серіктестігімен келісім-шарт жасалды. Ол келісім-шартқа сәйкес су тасқынына қарсы шараларды өткізу жоспарланған. 10 мың текше метр инертті материалды арнайы сыйымдылықта дайындау, 10 мың қапшықтан кем емес инертті материалдарды әзірлеулері қажет. Сондай-ақ су өткізетін ор мен арық қазу, құбырлар тарту, нөсер жауынға қарсы кәріз жүйелерінің науаларын орнату міндеті тұр. Мұның бәрі су деңгейі көтерілетін жерлердегі қар суының кедергісіз өтуін қамтамасыз етпек.

РКС: Кеңес қорытындысына сәйкес Әнуар Күмпекеев бірқатар нақты тапсырма берді. Жауапты ұйымдар алдын ала Қылшақты өзенінің сағасында мұзды жару жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. Су бұрғыш каналдарды, арықтарды, су өткізетін ғимараттар мен нөсер жауынға қарсы кәріз жүйелерін тазартуды да ерте бастан қолға алу маңызды,-деді шаһар басшысы. Бұдан бөлек қала әкімі қарды сыртқа уақытылы шығаруды да бақылауында ұстайтынын айтты. Тұрғындар үшін өзекті тақырыптың бірі көшелердегі қаңғыбас иттер санының өсіп отырғаны. Бұл да кеңестің күн тәртібіне шығарылып, жан-жақты талқыланды. Өткен жылдың өзінде қаланың ветериналық станциясының мамандары 800-ге жуық қаңғыбас итті аулаған. Кейін оның 500-ден астамы қайта босатылып жіберілген. Мәселе шешілген жоқ, өткір күйінде қалып отыр,-дейді жиналғандар.

СНХ: ШЫҢҒЫС КӨЛБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сійкес қаңтардың 18-нен бастап қаңғыбас иттердің санын реттеу мен оны ұйымдастыру қызметі жергілікті атқарушы органдарға берілді. Қаңғыбас жануарларға қатысты жұмысты ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен биыл 23 миллион 686 мың теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаржының 3 миллион 670 мың теңгесі 1 мың бас қаңғыбас жануарды гуманистік тұрғыда аулауға, 8 миллион 148 мың теңгесі осынша басқа екпе егуге, стерилдеуге, сәйкестендіруге жұмсалмақ. Ал 13 миллион 611 мың теңгесі тамақтандыру мен күтіп-баптауға бағытталады.

РКС: Қаңғыбас иттерді аулауға қақалық әкімшілік жануарларды қорғайтын «Шанс на спасение» қоғамдық бірлестігін ресми түрде тартуды жоспарлап отыр. Бұл әзірге болашаққа бағдар. Әзірге мемлекеттік органдар қазынадан қаржының бөлінгенін күтіп отыр. Ал волонтерлер болса өз күштерімен жануарларға жан-жақты көмек көрсетуде.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ