ДИКТОР: Жанар-жағар май құю бекеттерінде бензин толық мөлшерде берілмейді. Бұл туралы техникалық реттеу және метрология департаменті хабарлады. Мемлекеттік бақылау қорытындысы бойынша 300-ден астам кәсіпкерлік субъектісі тексерілген. Оның 94 процентінде техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз етуде заң бұзушылықтар анықталған. Салынған айыппұл көлемі де қомақты. 4,4 млн теңге. Заң бұзушылықтар сауда саласында да тіркелген. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Жүргізілген тексеріс қорытындысына сүйенсек, тұрғындар қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін заң бұзушылықтар аз емес. Ал анықталған заң бұзушылықтардың басым бөлігі - жанар-май құю бекеттеріне қатысты. Былтыр аймақта осындай 162 нысан тексерілген. Нәтижесінде 3,5 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

СНХ: ЕРБОЛ ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ МЕТРОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Көптеген жанар-жағар май құю станцияларында және автогаз бекеттерінде міндетті мемлекеттік метрологиялық тексеруден өтпеген сұйық отын-тарату бағандары қолданылған. Тексерілмеген өлшем құралдарын пайдалану заңға қайшы. Мерзімі өткен немесе ақаулы бағандар жанар-жағар май мөлшерін дұрыс көрсетпеуі мүмкін. Жанар-жағар май бағандарының дәлдігі тек жарамды тексеру сертификаты және реттеу құрылғыларындағы бүлінбеген пломбалар арқылы ғана кепілдендіріледі. Егер баған тексеруден өтпесе, оның көрсеткіштері заң тұрғысынан сенімсіз деп саналады.

РКС: Бұған қоса, сауда саласында да заң бұзушылықтар бар. Тексеріс барысында тұрмыстық техника, құрылыс материалдары және зергерлік бұйымдардың стандарт талаптарына сай еместігі анықталды. Былтыр техникалық реттеу және өнімді бақылау бағытында 54 бақылау шарасы жүргізіліп, 47 жағдайда заң бұзушылықтар анықталған.

СНХ: ЕРБОЛ ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ МЕТРОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Тұрмыстық техниканы сатып аларда әрдайым толық маркировка мен сәйкестік сертификаттарының бар-жоғын тексеру қажет. Бағалы тастар мен зергерлік бұйымдар саласында 102 тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 99 жағдайда заң бұзушылық анықталды.

РКС: Департамент хабарлаған мәлімет шынымен де көңіл көншітпейді. Ең алдымен, бұл заң бұзушылықтар тұтынушыларға қаржылық шығын әкелетіні анық. Сондықтан бизнестің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін күшейту қажет. Мамандар тұрғындарға техникалық регламент талаптарының бұзылуын байқаса, e-өтініш арқылы немесе техникалық реттеу және метрология комитетіне хабарласуға болатынын еске салады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ