ДИКТОР: Қазақ поэзиясының мәңгілік мұзбалағы, жүректің сезімін сөзге айналдыра білген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған тағы бір шара. Көкшетаудағы орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Поэзия – жанның әні» атты тағылымды кеш ұйымдастырылды. Балғын оқырмандар әдебиет алыбының асыл мұрасын тереңінен талдап, өскелең ұрпақ пен аға буын өкілдері поэзияның сырлы әлемі туралы ой бөлісті, жүрек толғаныстарын ортаға салды.
РКС: Іс-шара қойылым форматында өтті. Сахналық көріністе ақынның ішкі әлемі мен қазақы болмыс астасып, шығармашылық сәт пен отбасы жылуы бір арнада тоғысты. Жыр тудыратын тыныш мезет, ананың мейірімі мен әуенге айналған сезім көрерменге әсерлі түрде жеткізілді. Студенттер ақынның өлеңдерін жаңаша тіршілікке бөлеп, қара өлеңнің шындығын бүгінгі заман тынысымен үндестіре оқыды. Мұқағалидың жүрек түкпірінен туған толғаныстары сахна төрінде көркем бейнеленді.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Өмірі өлеңге, өлеңі өмірге айналған тұлғаға арналған кездесудің мектеп оқушылары үшін тәрбиелік мәні зор.
СНХ: КӘУСАР ЖЕҢІС, №6 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Менің ойымша бұл іс-шара өте керемет өтті. Біз мектептің қабырғаларында Мұқағали Мақатаевтің өлеңдерін, шығармаларын оқыдық. «Ақулар ұйықтағанда» поэмасы маған өте қатты ұнады. Мұқағали Мақатаев өте лирик адам.
РКС: Балалар ақынның шығармаларын ерекше ықыласпен орындады. Ақан Сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің актерлік шеберлік мамандығында білім алып жатқан жас өнерпаздар ақиық ақынның өлеңдерін оқып, көрерменнің ықыласына бөленді.
СНХ: МИРАС ЖОМАРТҰЛЫ, АҚАН СЕРІ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Мұқағали атамыз ол өте ерекше ақын. Мұқағали атамыз өте мықты кісі. Оның өлеңдері әрбір халықтың жүрегінде қалған. Ол өзі өлгенімен, өлеңі ешқашан өлмейді. Өлеңі мәңгілік жүрегімізде. 100 шақты өлеңін білемін. Мұқағали атамыз өзі өмірден өткенімен, әрқашан ұлықтап, төбемізде көтеріп жүреміз.
РКС: Мұқағали жырларынан адам болмысының бүкпесіз шындығы мен сезімнің тазалығы айқын аңғарылады. Оның махаббаты да, мұңы мен сағынышы да жасандылықтан ада, шынайы күйінде өріледі. Сол себепті ақын өлеңдері оқырман жүрегінен орын алып, уақыт озса да өміршеңдігін жоғалтпай келеді.
СНХ: СЕРІК ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Мұқағали Мақатаев шын мәнісінде халықтың көңілінен шыққан, жүрегіне өлеңдері қонған, құрметіне бөленген ақын. Қазақтың киелі сөзін игерген, киелі өлеңін игерген, киелі мінез-құлқын игерген ақын ешқашан ұмытылмайды. Қай кезде, қай заманда болса да, Мұқағали өзіңнің досың сияқты, өзіңнің сырласың сияқты ақын. Мұқағалиді кез-келген шаршағанда, жабыққанда, торыққанда оқысаң, жігерленіп, қуаттанып, қайтадан әл алып өмірдің керемет екенін түсініп, қайтадан құлшынысқа енесің. Сондай ұмтылмайтын ғаламат ақын.
РКС: Бұл кеште өскелең ұрпақ пен аға буын ақын өлеңдері арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғай түсті.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ