ДИКТОР: Бүгін қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл. Атаулы датаға орай ел көлемінде ақынның мұрасын ұлықтауға арналған мәдени-танымдық шаралар бастау алды. Шаһардағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Шараға аймақтың зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Кештің құрметті қонақтары - Мұқағали Мақатаев музейінің негізін қалаған мұқағалитанушы, ғалым Жұмаш Өтеевтің жары, зейнеткер-ұстаз Тілеухан Мергенбаева мен қызы, ақын әрі тележурналист Арай Жұмашқызы болды. Ақынның туған топырағы Қарасаздан арнайы келген меймандар шара барысында Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын жинақтау жолындағы естеліктерімен бөлісті.

СНХ: ТІЛЕУХАН МЕРГЕНБАЕВА, МҰҚАҒАЛИТАНУШЫ: Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың қайтыс болғаннан кейінгі қайғысы бүкіл ауылды есеңгіретті. 45 жасында қайтқаннан кейін Нарынқұлда 50 жылдығы аталып өтті. Сонда бүкіл ақын-жазушылар келді. Сонда Мұқағалидың өлеңдері, өмірбаяны айтылған екен. Сол жерде менің жарым, сол Қарасаздың тумасы, Мұқағалидың туысы болып келеді ғой, біз бір елміз.Сонда ол жаңағы жиналыстан ой түйген ғой. Өмірбаянын, шығармаларын жинастырып, бәрін жарыққа шығарсам деп. Бастапқыда жергілікті мектептен мұражай ашады.

РКС: Осылайша игі істің бастауы жалғасын табады. 1991 жылы Қарасаз ауылында Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды. Бүгінде мұражай қорында бір мыңға жуық экспонат сақталған. Негізгі қорда ақынның жеке заттары, кітаптары, өлеңдерінің қолжазбалары, шахмат тақтасы және тұрмыстық бұйымдары бар. Бүгінде мұражай ел руханиятының алтын ордасына айналып, жас ұрпақты ұлттық құндылыққа тәрбиелейтін маңызды мәдени орталық ретінде қызмет етіп келеді.

СНХ: АҚАРЫС БАЙТУ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Мұқағали Мақатаев жалпы өмір жайлы, Отан жайлы, махаббат жайлы көп жырлап кеткен болатын. Біз жастар Мұқағалидың әрбір өлеңінен үлгі, тәрбие, парасат алуымыз керек. Әрбір қазақа Мұқағалиды оқу керек деп ойлаймын.

СНХ: ҚУАНЫШ ОСПАН, М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгін жалпы қазақ үшін, қазақ руханияты үшін бір ерекше күн. Себебі жыл сайын осы күнді қазақ халқы ерекше күтетін секілді. Себебі ұлы Мұқаң, Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Биыл ақынның 95 жылдығы. Сондықтан бүкіл қазақ даласы Мұқағалидың өлеңін оқып тұрған сияқты. Бүгінгі шарамыз жылдағыдан ерекше. Себебі Мұқаң туған сол қасиетті топырақтан бізге меймандар келіп жатыр.

РКС: Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкенімен, Мұқағали Мақатаев ұлттық әдебиет әлемінде өлшеусіз із қалдырды. Ақын сөздеріне жазылған әуезді әндер халық арасында әлі күнге дейін сүйіспеншілікпен шырқалады. Рухани кеш барысында ақынның жүрек тебірентер жырлары оқылып, өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер ұсынылды. Осылайша жиналған қауым рухани азық алып тарқасты.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ