ДИКТОР: Кербез Көкше елінің қарымды қаламгері Жанайдар Мусиннің 90 жылдығына орай 10 күндік апталық жалғасуда. Оның аясында тұғыры биік тұлғаның еңбектері кеңінен насихатталуда. Одан бөлек қалалық кітапханаларда әдеби-танымдық кештер ұйымдастырылуда. Апталық аясында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Жанайдар Мусин атындағы аймақтық әдеби-зерттеу кабинеті ашылды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Журналистика саласындағы шоқтығы биік Жанайдар Мусинге арнап ашылған аймақтық әдеби-зерттеу кабинеті білім ошағында оқып жүрген жастарға диссертациялар мен ғылыми жобалар жазуға арқау боламақ. Себебі, кабинетте жазушының туындыларынан бөлек, өмірінің маңызды бөлігі мен еңбек жолының тізбегі көрсетілген іспетті. Жаңа кабинет жазушының бұған дейін жарық көрмеген жазбалары мен еңбектері жазылған «Ол жазды атын өшпестей, көкшенің көркем тасына» атты кітабымен толықты.

СНХ: ДАРХАН СЕРКЕШ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Ол кісіні бәріміз құрмет тұтамыз. Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Көкшетау қаласында таңбасы ерекше қалған кісілердің бірі. Мына кабинетте оның қалдырып кеткен еңбектері, артынан қалдырған шығармалары және алған атақ медальдары тұр. Осы кабинеттің ашылуына өте қатты қуаныштымын.

РКС: Кабинеттің ашылуына зиялы қауым өкілдері, профессорлар мен жазушының туған-туыстары жиналды. Олар қаламы ұшқыр жазушының өмірі мен өнегесін, қазақ әдебиеті мен журналистика саласына сіңірген ерен еңбегін тілге тиек етті.

СНХ: СЕРІК БАЙМҰРЗИН, ЖАНАЙДАР МУСИННІҢ НЕМЕРЕ ІНІСІ: Қызметінің кемелденген шағында, ойы толықсып жүрген шағында кенеттен ауыр сырқатқа шалдығып, 55 жасында ғұмырдан өтіп кеткеніне қайғырамыз, мұңаямыз. Бірақ, өзі өлсе де, аты өлген жоқ, заты өлген жоқ. Артында көптеген өнегелі сөздері қалды. Кітаптары, романдары, повесьтері қалды. Әр қашан ағамыз есімізде. Бұл кісі бар ғұмырын журналистика саласына арнаған. Анасынан ерте айырылған балалардың бірі еді. Соған қарамастан әкеміздің айтуынша жас кезінде пысық болған, талантты болған, кітаптарды көп оқыған. Ұқыпты, мектепті жақсыға бітірген.

РКС: Жанайдар Мусин 1955 жылы Көкшетаудағы педагогикалық училищені тәмамдаған. Бүгінде бұл білім ордасы қарымды қаламгердің атымен аталады. Жақында жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттеріне Жанайдар Мусин атындағы шәкіртақы тағайындау жоспарланып отыр. Бұл игі бастаманы жазушының туған-туыстары қолға алмақ.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ