ДИКТОР: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ғылыми кеңесінің шешімімен Біржан сал ауданының ауданының құрметті азаматы, Қазақ ССР Оқу-ағарту ісінің үздігі, өлкетанушы, «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлына білім ордасының «Құрметті профессор» атағы берілді. Салтанатты рәсімге оқытушылар мен тарих факультетінің студенттері қатысты.

РКС: Үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың жорықтары мен саяси шешімдер бойынша жүріп өткен жолын қайта жаңғырту мақсатында Көкшетау өңірінен еліміздің солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс аймақтарына, сонымен қатар Моңғолия мен Ресей жерлеріне 2018 жылдан бастап бірнеше ғылыми-танымдық сапарлар ұйымдастырылды. Экспедиция жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы осы сапарлардың нәтижесінде университеттің ғылыми кеңесінің рецензиясымен, тарихшы-ғалымдардың еңбектерінен бірнеше жинақ құрастырған еді. Төрт томдық білім ордасының кітапхана қорын толықтырып қана қоймай, жас тарихшыларға өзінің тамырын тануға ықпал етпек. Ұлттық тарихты зерделеуге қосқан үлесі үшін қоғам қайраткеріне университет ректоры Марат Сырлыбаев «Құрметті профессор» куәлігін тапсырып, мантия кигізді. Сонымен қатар білім мен ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқанын бағалап, университет атынан «Айрықша еңбегі үшін» медалін де қоса табыс етті.

ИНТЕРШУМ:

СНХ МҰРАТ ҚАЖЫ ЫДЫРЫСҰЛЫ, «АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ҚАРА ЖОЛЫ» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бүгін осылай келіп, сіздердің алдарыңыда менің азғантай еңбегімді бағалағандарыңызға өте риза болып тұрмын. Алла тағала сіздерге жар болсын, бақытты болыңыздар. Тәуелсіздігіміз мықты болсын, мәңгілік болсын, жастарымыз рухты, намысты болсын, біздің ата-бабаларымыздан қалған ұлан-байтақ жерімізді, тіліміз бен дінімізді көзінің қарашығындай сақтайтын болсын.

РКС: Шара барысында «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының Монғолияға сапарынан дайындалған бейнефильм назарға ұсынылып, студенттер тарапынан сұрақтар қойылды. Өлкетанушы өзінің көрген-түйгендерін ортаға салып, тарихты тану мен туған жерге деген сүйіспеншілік бағасының қаншалықты салмақты екеніне тоқталды.

 ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ