ДИКТОР: Тарихтың таңбалы ізі қалған құнды құжаттардың қойнауына айналған мұрағат-өткен мен бүгіннің алтын көпірі. Көненің көзін сақтап отырған Ақмола облысының мемлекеттік архивінде 500 мыңға жуық құжат бар. Олар жыл сайын тексеріліп өңдеуден өтеді. 2013 жылдан бастап құжаттардың электрондық көшірмесі бірыңғай ұлттық архив қорына жүктеле бастады. Ал, бүгін жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында және заман талабына сай өңірлік архив қызметкерлері жасанды интеллектті жұмыс барысына енгізіп отыр.

РКС Мұрағатта негізгі 5 бөлім мен 9 архив қоймасы іске қосылған. Архив қоры жыл сайын толығып отырады. Мәселен, 2024 жылы мемлекеттік сақтауға 16 мыңнан астам, былтыр 11 мыңнан астам түрлі құжат түсті. Онда басқарушылық құжаттар, жеке құрам бойынша материалдар және фото-бейнематериалдар кіреді. Олардың басым көпшілігі тарихи маңыздылығына сай, көрме залына орналастырылды.

СНХ: ӘСЕМ ӘЛДИБЕКОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ ҚҰЖАТТАРДЫ ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Көрмеде барлығы 300-ге жуық құжат қойылған. Барлық құжаттар біздің облыстық архивтің сақтауында тұр. Көрме негізі 7 бөлімнен тұрады. Қазір біраз құжаттар цифрланды, QR-кодтар қойылып мәліметтер алуға болады және бір қатар ескі, көне, тарихи фото суреттерге жасанды интеллект техналогиясы арқылы жандандырылды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: 10 жылдан астам уақытта 2 миллионнан астам құжат цифрландырылды. Бұл құжаттарды қолжетімді әрі пайдалануға тиімді етуге мүмкіндік береді.

СНХ: ЗАРИНА ТЫШТЫБАЕВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазір ақпараттық технологиялар бөлімінің қызметкерлері мемлекеттік архив қорындағы құжаттардың 3 процентін цифрландырды. Бірыңғай электрондық архив жүйесінің дерекқорына 55 қордың құжаты енгізілді. Бөлімде 4 сканер бар. Сондай-ақ, ақпараттық технологиялар бөлімі мемлекеттік архивтегі компьютерлік техниканың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Яғни интернет желісінің және ақпараттық жүйелердің жұмысын қолдау, ресми сайттарды жүргізу, барлық техникалық ақауларды жою және қызметкерлерге дербес компьютермен жұмыс істеу бойынша кеңес беру жұмыстарын атқарады.

РКС: Облыстық мұрағат мемлекеттік қызметкерлермен тығыз байланыс орнатқан. Олар мемлекеттік ұйымнан түскен әр өтінішке дер кезінде жауап беріп, уақытылы көмек береді. Мұнда тағы бір тиімді тұсы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы да ұйымдастырылған.

СНХ: ЕРКЕЖАН ӘПИЕВА, ЗЕРТТЕУШІ: Қазір мен еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан республикалық маңыздағы зейнеткер туралы ақпарат жинап жатырмын. Менің мақсатым — ол азаматты Қазақстанның «Алтын кітабына» енгізу. Осы жұмыс барысында облыстық архив қызметкерлерінің көрсеткен көмегі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Архивте құнды материалдар сақталған, ал оның қызметкерлері зерттеу жүргізуде жан-жақты қолдау көрсетіп, үлкен көмек беруде.

РКС: Биылдан бастап архив жаңа бағыт бойынша жұмыс істеуді қолға алды. Мұрағат қызметкерлері мектеп оқушылары мен студенттерді зерттеу жұмыстарына баулу мақсатында «Жас зерттеушілер» тобын құрды. Қазір онда 25 жас зерттеуші бар. Олар тарихи құжаттармен жұмыс істеуді үйренеді және төте жазумен жазылған құжаттарды кириллица арқылы жазады, архив жұмыстарына қатысты түрлі шараларға белсене қатысады.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ